Алматыда өткен XIV Спартакиадада волейболдан Қыздар университетінің командасы үздік болды



Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттер құрамасы Алматыда ЖОО арасында XIV Спартакиадада волейболдан жеңімпаз атанды, - деп хабарлайды оқу орнының баспасөз қызметі. 

Жарыс Абылай хан атындағы университеттің спорт кешенінде өтті.

"Биылғы жыл Жастар жылы деп жарияланғаны белгілі. Осы орайда елімізде көптеген іс-шаралар өтіп жатыр. Соның ішінде спорттық сайыстардың саны көп. Себебі жастардың денсаулығы мықты болса, мемлекеттің де іргесі берік, болашағы жарқын болады", - дейді шара ұйымдастырушылары.

20 команда қатысқан тартысты жарыста Қыздар университетінің командасы өз тобында үздік шығып, финалда Қазақтың спорт және туризм академиясының құрамасын 2:1 есебімен ұтты.

"Парасат  кәсіподақ ұйымы мұрындық болған спартакиада қорытындысы бойынша бірінші орынға Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің спортшылары ие болды. Екінші орын Қазақтың спорт және туризм академиясының қанжығасында кетсе, үшінші орын Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің командасына бұйырды. 

"Біздің құрама алаңда тамаша ойын өрнегін көрсетті. Жарыс аса тартысты өтті. Десе де бойжеткендеріміз өздерінің үздік екендігін тағы да айқын дәлелдей білді", - дейді команда жаттықтырушысы, ҚҰҚПУ Дене шынықтыру және спорт кафедрасының оқытушысы Сәуле Нұрпейісова.


  0