Таеквандодан еліміздің жастар құрамасы халықаралық турнирде 12 жүлде жеңіп алды

"Ukraine Open G-1" турнирі аяқталды.

Украинаның Харьков қаласында таеквондодан "Ukraine Open G-1" турнирі аяқталды. Бұл жарыста қазақстандық спортшылар 12 жүлде иеленді.

Харьковтағы жарысқа ұлттық құрама спортшылары қатысқан жоқ, жастар құрамы бақ сынады. Негізгі құрам Оңтүстік Кореяда өтетін оқу-жаттығу жиынында дайындалуда.

Дегенмен бапкерлер штабы қателеспеген сияқты. Осылайша, 73 келі салмақта Айгүл Елубай қарсыластарының бәрінен басым түсіп, алтын медаль жеңіп алды. Мура Назаров (58 келі), Нұрай Хұсайнова (62 келі) мен Әйгерім Мұхаметжанова (49 келі) күміс медаль еншіледі.

Айдана Еділбаева (46 келі), Алина Дәдікенова (49 келі), Мақсат Қаби (63 келі), Сағи Құлымбет (80 келі), Балауса Ералхан (46 келі), Айнагүл Батыр (53 келі), Ғания Әлзақ (62 келі) пен Айдана Көлбаева (73 келі) турнирдің қола жүлдегерлері атанды.

Халықаралық турнир сәуірдің 13-і мен 14 аралығы өтті.  


  0