Геннадий Головкиннің жаңа бапкермен жаттығу өткізіп жатқан видеосы жарияланды

Жаңа адам келгеннен кейін командада өзгерістер болып жатыр

Орта салмақтағы әлемнің экс-чемпионы Геннадий Головкиннің Youtube-арнасында жаңа бапкері Джонатон Бэнкспен жаттығу өткізіп жатқан видеосы жарияланды.

Головкин Бэнкстің қол астында алғаш рет 8 маусымда  Нью-Йоркте канадалық Стив Роллсқа қарсы жекпе-жек өткізеді. Үш минутқа созылған видеода Геннадий Головкин бапкерін не үшін ауыстырғанын және бұл өзгеріс оған қандай пайда әкелетінін түсіндірді.

"Меніңше бұл маған жаңа өзгерістер әкеледі. Жаңа әдіс және басқаша дағды қалыптасады. Жаңа адам келгеннен кейін командада өзгерістер болып жатыр. Мен осының алдында барлығы дұрыс болмады деп айта алмаймын. Расында сәтті карьера жасадым. Бірақ, қазіргі уақытта басқа дағды мен басқаша ойлау жүйесіне көшіп жатырмыз. Өзімді оқушы секілді сезініп тұрмын. Көп заттарды білгім келіп тұр", - деді Головкин.

Сондай-ақ ол Лас-Вегастағы T-Mobile алаңында өткен Сауль Альварес - Дэниэл Джейкобс арасындағы жекпе-жек жайлы өз пікірін айтты. Бұл жекпе-жектен кейін оның рингке қайтадан оралуға қызығушылығы артыпты. Боксшы келесі жекпе-жекті асыға күтіп жүргенін мәлімдеді.



  0