Промоутерлер бәсекесі: Алыптар кімнің қолында?

Аса ауыр салмақта өнер көрсететін боксшылардың промоутерлерін ұсынамыз.

Кәсіпқой бокс туралы айтқанда біз солардың артында тұрған адамдарды ұмытып кетіп жатамыз. Оларды промоутерлер деп атайды. "Diamond Ring" сайты назарларыңызға әлем боксшыларының промоутерлерін ұсынатын жаңа айдар ұсынып отыр. Алдымен аса ауыр салмақтан бастаймыз.

Бокс әлеміне 90-шы жылдардың соңында келіп, 2000 жылдардың басында күш алған ағайынды Кличколар он жылдай кәсіпқой бокстың аса ауыр салмағын ашса алақандарында, жұмса жұдырықтарында ұстады. Бір жағынан мықтылықтары ғой, жаңа ғасырдың алғашқы он жылдығында бұларға қарсы шаршы алаңға шығуға көбінің жүректері дауалаған жоқ. Дегенмен, жұдырықтасу мәнерлері де көбіне ұнамайтын еді. Майк Тайсон, Эвандер Холлифилд, Леннокс Льюистардың кезінде теледидар алдына телміретін бокс жанкүйерлері Кличколардың жекпе-жектерінен жерінуге дейін барды. Телевизия әлемінде де аса ауыр салмақ дәрежесіне қызығушылық күрт төмендеп кетті. Сондықтан, олар бокстан кеткен кезде көптеген мамандар бөріктерін қуана аспанға атты.

Аса ауыр салмақтағы промоутерлер тақырыбын неге Кличколардан бастады дейсіз ғой? Өйткені, ағайынды украиналықтар кеткеннен кейін ғана промоутерлердің алыптар айқасына деген қызығушылығы артты. Ал солардың ішінде асығы алшысынан түсіп тұрғаны – британдық Эдди Хирн. Matchroom boxing промоутерлік компаниясын басқаратын 38 жасар менеджердің қарамағында алыптар көп. Рейтингте бірінші орында тұрған Энтони Джошуадан бастап, кубалық Луис Ортис, Тони Белью, Дерик Чисора, Диллиан Уайт, америкалық Джаррел Миллердің барлығының жекпе-жектерін өткізіп, жаттығуларына жағдай жасап отырады. Әлеуметтік желілердің белсенді қолданушысы Эдди Хирн «туиттерге» күнара бірнәрсе түртіп отыратыны тағы бар.




  0