Ақтауда кәсіпқой боксшы Батыр Жүкембаев атындағы бокс залы ашылды

Батыр Жүкембаев кәсіпқой бокста 11 жекпе-жек өткізіп барлығында жеңіске жетті.

Ақтау қаласында қазақстандық кәсіпқой боксшы Батыр Жүкембаев атындағы жаңа бокс залы ашылды. Бұл туралы боксшының әлеуметтік желілердегі парақшаларында хабарланды.

- Жаңа жыл қуанышты xабармен басталды. Кеше Ақтау қаласында Батыр Жүкембаевтың атындағы «Батыр 777» атты жаңа бокс залы ашылды. Қазіргі таңда спорт кешенінде өңірдің 200-ден аса болашақ чемпиондары жаттығуды бастап кетті.

Қазақта бұлақ көрсең көзін аш деген сөз бар ғой. Сол сияқты, біздің мақсат – тасада жүрген жас таланттарды тауып, жаттығу жасауына мүмкіндік жасап, олардың жолын ашу. Сондай-ақ, жастарымызды спортқа, саламатты өмір салтын ұстануға шақыру еді. Жаңа бокс залымыз құтты һәм қайырлы болғай, - деп жазылған.

Батыр Жүкембаев кәсіпқой бокста 11 жекпе-жек өткізіп барлығында жеңіске жетті. 9 кездесуінде қарсыласын уақытынан бұрын жеңіп шықты. 2017 жылы жартылай орта салмақта "IBO International" чемпиондық атағын жеңіп алды. Отандасымыз Монреальдағы бокс кешінің басты жекпе-жегінде мексикалық боксшы Косме Ревераны жетінші раундта нокаутпен жеңді.

2018 жылы боксшы бұдан да жақсы нәтижелерге жетіп, өз салмағында үздік 10 боксшының қатарына енуді көздейді. Сондай-ақ Батыр осы жылы АҚШ-та жекпе-жек өткізбек. Ол кездесуді АҚШ-тың HBO телеарнасы тікелей эфирде трансляция жасайды.


  0