Арман Рысбектің кәсіпқой бокстағы бірінші кездесуіндегі қарсыласы ауысты

Жекпе-жек 27 қаңтар күні өтеді.

27 жастағы қазақстандық боксшы Арман Рысбектің кәсіпқой бокстағы бірінші кездесуіндегі қарсыласы ауысты, деп хабарлайды Vesti.kz порталы. 

- 27 қаңтар күні Арман Хаким Аткинсонмен кездеседі, - деді бұл туралы боксшының менеджері Фархад Шарипов. 

- Арманның дайындығы қалай? 

- Арман қазір керемет бабында. Жекпе-жекке сақадай-сай. 

- Бұған дейін Рысбек америкалық Эштон Сайкспен жұдырықтасады деп едіңіз. Қарсыласы не үшін ауысты?

- Иә, негізі Арман бұған дейін басқа боксшымен жұдырықтасуы керек еді. Эштон соңғы кездесуінде жеңіліп қалды. Алдағы кездесуде де жеңілетін еді. Сол үшін жекпе-жектен бас тартты. 

Айта кетейік, Арман Рысбектің кәсіпқой бокстағы бірінші кездесуі 27 қаңтарға белгіленген. Кездесу АҚШ-тың Орландо қаласында өтеді. Оның бірінші қарсыласы 28 жастағы америкалық боксшы Эштон Сайкс (1-1) болуы керек еді. Бірақ ол желтоқсан айында өткізген кездесуде жеңіліп қалды. Енді оның қарсыласы екінші бір америкалық боксшы Хаким Аткинсон (2-9, 1 КО) болады. Ол карьерасында тоғыз рет жеңіліп қалған. 

Еске салайық, Арман Рысбек өткен маусымда Бүкіләлемдік бокс сериясында өнер көрсететін "Астана арландары" клубы сапында өнер көрсетіп, жобада жеңіске жеткен. Жалпы ол "арландар" үшін жеті кездесу өткізіп, бесеуінде жеңіске жетті. 









  0