Сойлыбаев WBA чемпионымен спарринг өткізді

Жекпе-жек алты раундқа жалғасқан.

Кәсіпқой бокста бағын сынап жүрген қазақстандық боксшы Бекман Сойлыбаев WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы британдық Скотт Куиггпен спарринг өткізді. Бұл туралы diamondring.kz хабарлайды. 

Жекпе-жек Лос-Анджелестегі Wild Card West бокс залының шаршы алаңында өтті. Алты раундтық жекпе-жектен кейін көрермендер боксшыларға қошемет көрсетіп, қол соғып, Куигг риза болғаны соншалық, Бекманның қолын көтерді. Бірақ Куиггтің командасы бұл жекпе-жектің видеосын жарияламауды сұрапты. 

Айта кетейік, 28 жастағы Скотт Куигг кәсіпқой бокста 35 кездесу өткізіп, соның 32-де жеңіске жеткен. Соның ішінде 24 қарсыласын нокаутқа түсірген. Екі жекпе-жекте тең түсіп, тек біреуінде ғана ұтылған. Ол ккінші жеңіл салмақ дәрежесіндегі WBA чемпионы.

Ал бүгінде Лос-Анджелесте әйгілі бапкер Эрик Браунның қарамағында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жүрген Бекман Сойлыбаев осы уақытқа дейін кәсіпқой бокста шаршы алаңға 9 рет шығып, барлығында жеңіске жеткен. Төрт қарсыласын нокаутқа түсірген. Бірінші жеңіл салмақта WBA тұжырымының Солтүстік Америка чемпионы және WBC тұжырымында Еуразия мен Мұхит аралдарының чемпиондық белбеуінің иегері.

"Әзірге жаттығу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Соңғы жекпе-жегімде жарақаттап алған қолым да жазылды. Енді шаршы алаңға шығуымды күтіп жүрмін. Қазір промоутерлерім қарсылас қарастырып жатыр. Оқу-жаттығу жиынымды аяқтап, лайықты боксшы табылған соң шаршы алаңға шығамын", - деді Бекман Сойлыбаев.


  0