Мен Қазақстан құрамасымен келісімшартқа қол қойып едім. Бірақ әйелім үшін бұл жұмыстан бас тарттым - Дженнаро Гаттузо

Италиялық маман тіпті Астанаға да келген.

Бұл күндері "Миланның" бас бапкері қызметін атқарып жүрген Дженнаро Гаттузо ITA Sport Press басылымына берген сұқбатында Қазақстан құрамасымен келісімшарт жасағанын, бірақ кейбір жағдайларға байланысты Ұлттық құрамамыздың тізгінін ұстаудан бас тартқаны туралы айтып берді. 

Гаттузо Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметіне 2016 жылы үміткер болған еді. Ол кезде құрамамызды уақытша Талғат Байсуфинов жаттықтырып тұрған. Кейіннен қазақстандық маман Қазақстан футбол федерациясымен келісімшарт жасады. 

Гаттузоның айтуы бойынша, ол Қазақстан құрамасының тізгінін ұстауға дайын болған. Бірақ әйеліне байланысты бұл қызметтен бас тартыпты. 

"2016 жылы мен Қазақстан құрамасымен алдын-ала келісімшартқа қол қойдым. Менің грекиялық ОФИ және швейцариялық "Сьон" клубында жұмыс істеп жүргенімде отбасым кейбір жағдайларға байланысты өздерін қолайсыз сезінді. Сол үшін мен Астанаға әйелім Моникамен бірге бардым. Ол жақта Моника ауа-райының суық болатынын көрді. Сол себепті де мен бұл жұмыстан бас тарттым", - дейді Гаттузо. 

40 жастағы Гаттузо футболшы ретінде "Милан" және Италия құрамасында өнер көрсетіп, көпшілікке кеңінен танылды. Әлемдегі ең дөрек жартылай қорғаушылардың бірі болып саналған Дженнаро өз отанында "Перуджа" және Салернитану" клубтарында, Шотландияда "Глазго Рейнджерс", Швейцарияда "Сьон" клубтарында өнер көрсетті. Карьерасында ол екі рет Италияның А сериясын және Чемпиондар лигасын жеңіп алған. 2006 жылы ол Италия құрамасымен әлем чемпионы атанды. 

2013 жылы Гаттузо "Сьонның" бапкері болды. Содан кейін "Палермо", ОФИ, "Пизе" және "Миланның" қосалқы құрамын жаттықтырды. Ал өткен жылдың қараша айында "Миланның" тізгінін ұстады. Бірақ мұндағы жұмысын сәтті деп айтуға келмейді. Оның бастамасымен "Милан" тоғыз кездесу өткізіп, тек төрт рет жеңіске жетті. 

Айта кетейік, Гаттузо әйелі Моника Романамен 20 жыл бірге тұрып келеді. Бұл жұп 1997 жылы Дженнаро "Рейнджерс" сапында ойнап жүргенде танысқан. Моника ол кезде Шотландияда тұрған. Олардың Габриэлла деген қызы және Франческо деген ұлдары бар. 








  0