Месси Роналдумен қарым-қатынасы туралы айтып берді

Бұған дейін Роналду Мессиді нашар футбол деген болатын.

"Барселонаның" шабуылшысы Лионель Месси мадридтік "Реалдың" шабуылшысы Криштиану Роналдумен қарым-қатынасы туралы айтып берді. 

"Достық - ұзақ жылдар бойы құрылатын дүние. Бірақ менің Роналдумен ешқандай достық қатынасым жоқ. Біз тек марапаттау рәсімдерінде ғана кездесеміз. Сол кезде ғана әңгімелесеміз. Барлығы дұрыс. Дегенмен біздің жолымыз жиі тоғыса бермейді", - деп келтіреді Мессидің сөзін Tribal Football басылымы. 

Бұған дейін Роналду болса Мессиді нашар футболшы деп атаған болатын. Испания біріншілігінің 20-турында "Депортивоға" қарсы ойынның алдында футболшыларды алаңға алып шығатын балалардың бірі Роналдуге - "Мен үшін сен мықтысың, ал Месси", - деген. Осы кезде португалиялық шабуылшы "Ал Месси - нашар футболы", - деп сөйлемді бітірген.

Айта кетейік, 2008 жылдан бері әлемнің үздік футболшысына берілетін "Алтын допты" Роналду мен Месси кезек-кезек алып келді. Қазір бұл екі футболшының еншісінде бес "Алтын доптан" бар.

Ал биылғы маусымда 30 жастағы аргентиналық шабуылшы "Барселона" үшін жалпы 33 кездесу өткізіп, 29 гол соқса, 32 жастағы португалиялық шабуылшы 26 кездесуде 20 гол соқты. 









  0