Бразилия жастар құрамасының шабуылшысы "Ақтөбе" сапына ауысты

Шабуылшының командаға қосылғанын "Ақтөбе" де растады.

Футболдан Бразилия жастар құрамасы мен "Гремио" клубының шабуылшысы Иуру Соуза Алмейда "Ақтөбе" сапына ауысты. Бұл туралы Gremista порталы хабар таратты. 

Порталдың таратқан мәліметі бойынша, "Гремио" клубы Иуру Соуза Алмейданы бір жылға жалға беріпті. 

Айта кетейік, кеше Қазақстанның бес дүркін чемпиондарының ресми сайты шабуылшыны команда қатарына қосылғанын растаған болатын. 

Мамуте карьерасын "Футбол Сосиал Клуб" академиясында бастаған. 2007 жылы өз қатарлары арасында өткен чемпионатта 14 матчта 33 гол соғып, атақты "Гремионың" скауттарының көзіне түскен. Сөйтіп "Гремиоға" 11 жасында ауысты. 2011 жылы "Кашиас" командасына қарсы негізгі команда сапында алғаш рет шықты. 8 қазанда алғаш рет ресми матчына қатысты.

2012 жылы команда бас бапкері Вандерлей Лушембурго шабуылшыны бірнеше рет негізгі құрамға шығарып жүрді. "Гремио" жастар командасы сапында Бразилия жастар құрамасы бас бапкері Алешандро Галоның назарына ілігіп, Тулонда өткен чемпионатты жеңіп алды, 2 гол соғып, жарыстың екінші сұрмергені атанды.

2014 жылы "Гремио" Мамутемен келісімшартын 2019 жылға дейін ұзартып, оны "Ботафогоға" жалға берді. Сол жылы Мамуте Бразилия жастар құрамасымен Оңтүстік Америка чемпионатына қатысып, 8 ойында 1 гол соғып қайтты. 2014 жылдың соңында Мамуте "Гремиоға" қайта оралды. Мамуте Бразилия жастар құрамасында 12 ойын ойнап, 3 гол соқты.

2015 жылғы Бразилия чемпионатында шабуылшы алғашқы ойында "Понте-Прета" командасы қақпасына екі гол соқты. 2015 жылы футболшыға мәскеулік "Спартак" пен киевтік "Динамо" қызығушылық танытқан. 2016 жылдың 13 қаңтарында грекиялық "Панатинайкосқа" жарты жылға жалға берілді.

Жеке жетістіктері:

Бразилияның вице-чемпионы : 2013 ж.
Грекияның вице-чемпионы: 2015/16 ж.
Тулон жарысының жеңімпазы: 2013 ж




  0