Даниал Ахметов "Алтай" клубының ішінде шикіліктер бар екенін айтты

ШҚО әкімі Даниал Ахметов "Алтай" клубының мәселесіне қатысты пікір білдірді.

ШҚО әкімі Даниал Ахметов қатысқан Семей әкімінің тұрғындармен есептік беруге арналған кездесуінде "Алтай" футбол клубының Премьер-лигадан шығарылу мәселесі де айтылды, - деп хабарлайды arnapress.kz.

Еске салсақ, Қазақстан футбол федерациясының атқарушы комитеті мұндай шешімді клубтың сертификация ережелерін сақтамауға байланысты қабылданған. Сертификация талаптары бойынша "Алтай" құрылымында 9 жас категориясы бойынша кемінде 14 топтан тұратын балалар мен жасөспірімдер команда болу керек. Сонымен қатар Премьер-лигадағы барлық команданың екінші лигада жастар құрамасы болу керек.

Осы мәселеге қатысты "Алтай" футбол клубының жанкүйері облыс әкімін командаға қолдау көрсетіп, премьер-лигаға қайтару үшін шаралар қолдануын сұрады.

"Біз футболдың жаңа маусымын күттік, өткен жыл толық команданы қолдап келдік, басқа қалаларға бірге бардық. Командамыздың шеттетілгенін білген соң, Сізге арнап Видеожолдау жаздық. Командамыз Қазақстан Премьер-лигасында аймағымыз атынан өнер көрсетуіне болысуыңызды сұраймын", - дейді Серікбай Әлібеков.

Ал өңір басшысы "Алтай" клубының басшыларын айыптап, жанкүйерлерді бұл жағдайды өз күштерімен шешуге шақырды.

"Былтыр клубты біріктірдік, қаржы бөлдік, жоғары білікті маман шақырдық. Ал енді қаржы жағын анықтай бастағанда қызық жайттар басталды. Мемлекеттік қаржының қайда кеткенін білмейміз. Қалай төлем жасап жатқаны түсініксіз, қысқасын айтқанда мемлекет қаржысын оңды-солды шашқан. Біз түсінік беруді талап ететін боламыз. Қазір клубты кім басқарып жатқаны белгісіз, сопрт басқармасымен келіспей команданы жеңіске жеткізген бапкер ауыстырылды. Бізде клубқа қояр сұрақтар көп. Сондықтан құрметті жанкүйерлер, бұл мәселені өздеріңіз шешіп көріңіздер, егер мен кірісетін болсам, бұл оқиға басқаша аяқталады. Мен Қазақстанның бірнеше клубының бұрынғы жетекшілерінің бірнешеуі басқа жерде отырғанын білемін. "Алтай" клубымен солай болғанын қаламаймын. Осы себепті футболды жақсы көріп қана қоймай, жұмысқа футбол сүйер адамдарды тартыңыздар", - деді өңір басшысы.


  0