"Ордабасы" футбол клубын да болгар маманы жаттықтырады

Георги Дерменджиев – Қазақстан премьер-лигасында жаттықтырушылық қызметке келген төртінші болгариялық маман.

Шымкенттің "Ордабасы" футбол клубын болгар маманы Георги Дерменджиев жаттықтырады. Бұл туралы клубтың ресми сайты хабарлады.

Түркияда оқу-жаттығу жиынында жүрген ойыншыларға бүгін бас жаттықтырушы ресми түрде таныстырылды. 63 жастағы жаттықтырушы бұған дейін өз елінде "Спартак" (Пловдив), "Сливен" және "Лудогорец" командаларының бас бапкері болған. Соңғысымен, яғни "Лудогорец" клубымен үш рет Болгария чемпионы болып, 2014-2015 және 2016-2017 жылдар маусымында Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққан. Еуропа лигасының 1/16-финалында ойнаған. Болгарияның суперкубогын да жеңіп алған.

- Сіздерді Жаңа жыл мерекесі және жаңа маусымның басталуымен құттықтаймын. Біз чемпионатта да, еурокубок ойындарында да алдымызға тек өте жоғары мақсаттар қоямыз. Бастысы - жаттығу жұмыстарында аянбай тер төгіп, ойында да, күнделікті тұрмыста да тәртіп сақтаңыздар. Егер жаттықтырушылар құрамының талаптарын бұлжытпай орындайтын болсаңыздар, бәріне де қол жеткізетінімізге сенемін, - деді бас жаттықтырушы.

Шымкенттік команда ойыншылары алдындағы қарыздарынан толықтай құтылған. Естеріңізде болса, өткен жылдың жазынан бері шымкенттік клубтың футболшылары жалақыларын ала алмай жүргені жайлы айтылған еді. Сондықтан да олар 5 қараша күні өткен Қазақстан Премьер-лигасының соңғы турында "Оқжетпеске" қарсы өтетін кездесуге шықпайтындықтарын да жеткізген. Бірақ бүгін Vesti.kz порталының тілшісіне команданың футболшылары Таңат Нөсербаев, Бақдәулет Қожабаев және Бекзат Бейсенов секілді футболшылар клубтың барлық қарыздарынан құтылғанын айтты. Жалақы және барлық сыйақылар толық көлемде берілген.

"Ордабасы" командасы жаңа жаттықтырушымен бірге алғашқы ойынын 18 қаңтар күні Загребтің "Динамо" командасына қарсы өткізеді. Жолдастық кездесу Астана уақытымен сағат 20:00-де басталады.

Георги Дерменджиев – Қазақстан премьер-лигасында жаттықтырушылық қызметке келген төртінші болгариялық маман. "Астана" (Станимир Стойлов), "Қайсар" (Стойчо Младенов) мен "Қызыл-Жар" (Никола Спасов) клубтарын да болгар мамандары жаттықтырады.


  0