Қазақстан құрамасының бұрынғы капитаны Қайрат Нұрдәулетов карьерасын аяқтады

Жартылай қорғаушы денсаулығына байланысты спортпен қош айтысты.

Футболдан Қазақстан құрамасының бұрынғы капитаны Қайрат Нұрдәулетов карьерасын аяқтады. Бұл туралы футболшының өзі KazFootball.kz порталына айтты. 

"Шынымды айтсам, бұлай болады деп мен өзім де ойламадым. Денсаулығым жақсы сияқты. Оны тексерістің қорытындысы да айтты. Бірақ бәрібір бірнәрсе мазамды алады. Егер барлығы жақсы болса, онда мен қазір ойнап жүретін едім. Алайда ешкімді алдағым келмейді. Бұл маған беріліп жатқан бір белгі шығар деп ойлап, карьерамды аяқтау туралы шешім қабылдадым. 

Маған соңғы рет 2015 жылы операция жасаған еді. Содан соң ота жасатпадым. Өткен жылы күзде Италияға барып емделіп келдім. Ол жақта бәрі жақсы деп, бірнеше жаттығу мен дәрі-дәрімек жазып берді. Мен мұның барлығын орындадым. Дегенмен ештеме өзгермеді. Мен жүре, жүгіре, секіре аламын. Бірақ кейбір қимылдарды жасағанымда аяғым ауырады. Жүз пайыз дайын болмағасын, нар тәуекелге бел буғым келмеді. Қазір жігіттермен жиналып футбол ойнап тұрамын. Бірақ үлкен стадионда ойнай алмаймын. Карьерамды аяқтағаныммен мен футболдан кетпейтін. Алдағы уақытта футболдың айналасында бір қызметпен айналысамын", - дейді Нұрдаулетов басылымға берген сұхбатында. 

Айта кетейік, Алматы футбол мектебінің түлегі футболдағы алғашқы қадамдарын "ЦСКА-Кайрат" сапында бастаған еді. Одан кейін "Есиль-Богатырь" (Петропавл), "Ертіс" (Павлодар), "Қайрат" (Алматы), "Тобыл" (Қостанай), "Астана" (Астана), "Қайсар" (Қызылорда), "Ақжайық" (Орал) секілді командалардың намысын қорғады. 

Ал Ұлттық құрама сыпанда 2003 және 2013 жылдар аралығында өнер көрсетіп, 35 кездесуде 4 гол соқты. 






  0