"Астана" ОЖЖ-да 5 жолдастық кездесу өткізеді



«Астана» клубының футболшылары 2017 жылдың екінші оқу-жаттығу жиынын Түркияда өткізіп, бес жолдастық кездесу өткізеді, деп хабарлайды елордалық команданың баспасөз қызметі.

8 ақпан күні елордалық клуб Украина Премьер-Лигасында доп тебетін «Александрия» командасымен ойнайды. Украиналық клуб чемпионаттың жоғары дивизионында көп жылдар ойнамаса да, былтырғы маусымды 6-орынмен аяқтаған. Ал, қазіргі уақытта турнир кестесінің 4-орынында келеді. «Александрия» командасы биыл алғаш рет Еурокубок додасында сынға түсіп, екі ойын қорытындысы бойынша хорватиялық «Хайдук» клубынан жеңіліп қалған.
11 ақпан күні Станимир Стойлов шәкірттеріне Босния және Герцеговинаның ең үздік клубтарының бірі – «Железничар» қарсылас атанады. Сараев қаласының клубы 6 дүркін ел чемпионы, 5 дүркін кубок жеңімпазы, сондай-ақ, Босния және Герцеговина Суперкубогын үш рет жеңіп алған. Еуропа Лигасының соңғы ойынында «көктер» командасы үшінші іріктеу кезеңіне дейін жеткен. Алғаш, мальталық «Бальцан Ювс», екінші, венгрилық «Фернецварош» клубын ұтса, үшінші кезеңде бельгиялық «Стандарт» клубынан ұтылған.

14 ақпан күні астаналық клуб 2016/2017 жылы Еуропа Лигасының топтық кезеңінде сынға түскен Луганс қаласының «Заря» командасымен күш сынасады. «Заря» командасы 1972 жылғы Украина чемпионы, 2016 жылғы Украина Кубогының финалисі, сондай-ақ, Еуропа Лигасының топтық кезеңіне өтіп, сенсация жасаған. Олар топтық кезеңде түркиялық «Фенербахче», англиялық «Манчестер Юнайтед» және нидерландтық «Феенорд» клубымен ойнаған. «Заря» клубы сапында Украина құрамасының 3 ойыншысы ойнайды. Олар: Қақпашы – Алексей Шевченко, қорғаушы – Никита Каменюка және жартылай қорғаушы – Иван Петряк.

Араға үш күн салып ел чемпионы Словения чемпионатының қазіргі чемпионы «Олимпия» клубына қарсы ойын өткізеді. «Айдаһарлар» клубының еншісінде 5 чемпиондық және 4 ел Кубогының чемпионы деген атақ бар. Еуропа Лигасының алғашқы іріктеу кезеңінде словакиялық «Тренчин» командасынан жеңіліп қалған.

Ал, соңғы қорытынды жолдастық кездесуді «Астана» клубы 21 ақпан күні Ресей Премьер-Лигасында ойнайтын «Арсенал» (Тула) клубымен өткізеді. Клубты Ресейдің экс-футболшысы Сергей Кирбяков баптайды. Сондай-ақ, клубтың бапкерлер штабында 2008 жылғы футболдан Еуропа чемпионатының қола жүлдегері Игорь Семшов бар. «Арсенал» клубы сапында елордалық жанкүйерлерге таныс екі ойыншы бар. Олар: «Астана» сапында ойнаған қақпашы – Роман Герус және былтырғы маусымда алматылық «Қайрат» сапында доп тепкен қорғаушы – Лукаш Тесак бар.

«Астана» клубының Түркиядағы оқу-жаттығу жиыны 5-22 ақпан аралығында өтеді.


  0