Маған "Депортиво", "Тулуза" секілді клубтар қызықты. Бірақ "Астана" басшылары мені тек АПОЭЛ-ге жіберуге келісті - Каньяс

Рохер Каньяс АПОЭЛ ойыншысы ретінде бірінші сұхбатын берді.

Жуырда ғана 2017 жылдың соңына дейін АПОЭЛ командасына жалға берілген елордалық "Астана" клубының жартылай қорғаушысы Рохер Каньяс Futbolred.com басылымына берген сұхбатында Қазақстан біріншілігі және АПОЭЛ командасынан алған алғашқы әсерімен бөлісіпті. 

- Не себепті АПОЭЛ командасын таңдадыңыз. "Астандан" кетуге не түрткі болды?

- Бұл командаға ауысуымның басты себебі, олар еурокубоктың тұрақты қатысушылары. Өз басым АПОЭЛ-ге қарсы алаңда бірнеше ойын өткіздім. Олардың ойын үлгісі ұнады. Сонымен қатар, бұл команда еліндегі барлық жүлделерге таласады.

- "Астана" сапында Қазақстан біріншілігін жеңдіңіз, Кубокты иелендіңіз. Қазақстанда өткізген уақытыңыздан қандай естеліктер қалды?

- Естен кетпес керемет үш жыл болды. Жыл сайын Қазақстан чемпионы атанып, Чемпиондар Лигасы мен Еуропа Лигасында өнер көрсеттік. Командамыз жақсы жасақталған. Жарты жыл басқа командаға жалға ауысып, дұрыс шешім қабылдадым деп ойлаймын. Болашақтағы жоспарларым туралы ештеңе айта алмаймын. Әзірге айтарым "Астанамен" екі жылдық келісімшартым бар.

"Астана" мені басқа командаға сатқысы келмейді. Осы уақытқа дейін бірнеше еуропалық командалардан ұсыныстар келіп түскен болатын. Алайда "Астана" осы шешімге келіп тоқтады. Кейбір себептерге байланысты мені жалға берді. Керемет командада өнер көрсетіп, әдемі қалада тұратын боламын. Ол жақтың ауа-райы Қазақстанға қарғанда жылы.

- Не үшін "Астана" сізді сатқысы келмеді?

- Өткен жылы Испанияның "Депортивосынан" ұсыныс түскен болатын. Одан кейін франциялық "Тулуза" қызығушылық танытты. Бірақ екі жағдайда да "Астана" мені өз қатарында қалғанын қалады.

- Жаңа қаладан, елден алған алғашқы әсерлеріңіз қандай?

- Теңіздің жағасында орналасқан тыныш қала. Ауа-райы жылы. Бұл жерге 3 күн бұрын келдім. Әріптестеріммен танысып үлгердім. Жуырда отбасым осында көшіп келмек. Мансабымдағы жаңа белестен тек қана жақсы нәрсені күтемін.

- Жаңа командаңыздың "Астана" секілді тек жоғары мақсаттар қоятын шығар?

- "Астана" - Қазақстанның мықты клубтарының бірі.АПОЭЛ де абыройы Кипрде өте жоғары. 

- Еуропаға жастайыңыздан келдіңіз, алайда аса танымал емес командаларда өнер көрсеттіңіз. Еуропа сізге несімен қызық?

- Қазақстан, Ресей және Латвия чемпионаттары тек Колумбия үшін ғана емес, әлемге жұмбақ. Бірақ маған тек жақсы командаларда өнер көрсетудің бақыты бұйырды.

26 жастағы футболшының "Астана" 2017 жылдың соңына дейін АПОЭЛ клубына жалға берді. Жаңа клубының қатарында колумбиялық жартылай қорғаушы 80-ші нөмірмен өнер көрсететін болады.

Айта кетейік, Рохер Каньяс "Астана" сапында 2014 жылдан бері ойнап келеді. Елордалық ұжыммен ол үш рет Қазақстан чемпионы атағып жеңіп алды. Одан бөлек, Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасында өнер көрсетті.

"Астана" клубына ауысарға дейін ол екі жыл қарағандылық "Шахтердің намысын қорғады. Қарағандылық командамен ол 2012 жыл ел чемпионы атанды. Жалпы 26 жастағы жартылай қорғаушы Қазақстан Премьер-лигасында 143 кездесу өткізіп, 19 гол және 14 нәтижелі пас берген.





  0