Біздің талапқа сай келетін футболшы тапсақ, келісімшарт жасауға тырысамыз - Саян Хамитжанов

Саян Хамитжанов "Астананың" алдағы жоспары туралы айтып берді.

БАӘ-де өткен "Астана" командасының оқу-жаттығу жиыны аяқталды. Жаттығу жиынының қорытындысы, ойындардың нәтижелері, маусымаралық үзіліс кезіндегі ауыс-түйіс туралы "Астана" футбол клубының Бас менеджері Саян Хамитжанов өз ойымен бөлісті.

- Саян Жақсыгелдіұлы, ОЖЖ-ын өткізуге неліктен Дубайды таңдадыңыздар?

- Білесіз бе, ойыншылар мен жаттықтырушылар - ырымшыл болып келеді. Біз соңғы үш маусымдағы оқу-жаттығу жұмыстарын осы БАӘ-де өткізген болатынбыз. Сәйкесінше, үш маусымда – үш чемпиондық атаққа ие болдық. Дубайдағы ауа райы жаттығу жиынын өткізуге барынша қолайлы болды және команда өздеріне жүктелген тапсырмаларды жоғары деңгейде орындады. Сондықтан, оқу-жаттығу жиынына жоғары баға беруге болады.

- Жаттығу жиыны барысында өткізген екі кездесуде де команда жеңіске жетті. Көңіліңіз толды ма? Неліктен, ОЖЖ-да небәрі екі матч өткіздіңіздер?

- Бұл жолғы оқу-жаттығу жиыны негізінен ойыншылардың физикалық дайындығын жақсартуға бағытталды. Бапкерлер құрамы тарапынан футболшыларға көптеген қиын тапсырмалар берілді. Сондықтан, ойындырды жаттығу жиынының соңына қалдырдық. Бапкерлер тарапы жаттығу жұмыстары барысында өткізген кездесулердің нәтижесі маңызды емес деп жиі айтқанымен, жеңіске жеткенімізге қуаныштымын. Екі кездесудеде де командамыз қақпасына бір де бір гол жіберген жоқ. Соның ішінде оңтүстік-кореялық қарсыластырымызға қарсы кездесуді ерекше атап өтуге болады.

- Азия Чемпиондар Лигасының жеңімпазына қарсы кездесу туралы айтып өтсеңіз ...

- Бізге өз деңгейімізді байқап көрген маңызды. Сондықтан "Чонбук" секілді клубты ірі есеппен жеңуіміз, дайындығымыздың деңгейін ғана көрсетпейді. Басқа да себептері бар. Оңтүстік Корея чемпионын ұтуымыз жанкүйерлердің де көңілінен шықты. Кезінде Қазақстан Азиядан кетіп, Еуропа футболына өтіп, УЕФА-ға мүше болу арқылы дұрыс шешім қабылдаған. Біз өз еліміздің чемпионы ретінде соңғы екі маусымда Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнадық. Еуропаның топ-клубтарымен бәсекеге түсіп, өте пайдалы тәжірибе жинадық. Ал "Астана" мен "Чонбук Хендэ" кездесуі Еуропа мен Азия футболы деңгейінің айырмашылығын көрсетіп берді.

- "Астана" командасының БАӘ-дегі оқу-жаттығу жиыны барысында екі жаңа ойыншы бақылаудан өтті. Олар өздерін қалай көрсете білді?

- Беларуссиялық Иван Маевский өзін "Астана" сапында ойнауға лайық футболшы екенін бапкерлер құрамына дәлелдей білді. Бұл ойыншы жаттығу жиыны барысында өткізген кездесулерде өз жұмысына деген тиянақтылығы мен шеберлігін көрсетті.Сол себепті, Рохер Каньясты кипрлік АПОЭЛ ұжымына жалға береміз деген шешім қабылдадық.  Ал, шабуыл шебіне келген жаңа ойыншылар Дидар Жалмұқан, Роман Мұртазаев пен Аздрен Лулаку өздерінің мықты екендіктерін соңғы өткізген кездесулерде салған голдары арқылы дәлелдей алды. Олар командамызға өте жақсы бейімделіп кетті. Өткен маусымды жалда өткізген Евгений Постников сенімді ойын көрсетті. Жалпы алғанда, клубқа жаңадан келген ойыншыларға көңіліміз толады.

- Алда тағы бір жаттығу жиыны бар. "Астана" сапынан тағы жаңа ойыншылар көреміз бе?

- Біз футбол нарығын үнемі бақылап отырамыз. Бапкерлер штабымен ақылдасып, талдау жүргіземіз. Егер біздің команданың ойынын күшейтетіндей, талапқа сай келетін кандидатура көрсек, бірден келісімшарт жасауға тырысамыз. Бірақ, қаржылық себептерге байланысты тек еркін агенттерді ғана қатарға қоса аламыз. Дегенмен топырлаған селекция болмайды. Біз өзімізге қажетті позицияларға ғана ойыншылар аламыз. Командада әрбір позицияда бәсекелестік жоғары. Сондықтан кейбір футболшыларды ойын тәжірибесі болу үшін жалға да беретінімізді жоққа шығармаймын.


  0