Команда ішіндеші бәсекеге толық дайынмын - Дидар Жалмұқан



"Астана" командасы БАӘ-дегі оқу-жаттығу жиындарын Азия Чемпиондар Лигасының жеңімпазы "Чонбук Хендай" командасына қарсы кездесумен тәмамдаған еді. Ойын елордалықтардың пайдасына 3:0 есебімен аяқталды.
"Астана" сапында жартылай қорғаушы Дидар Жалмұқан осы кездесуде гол салған болатын. Ойын және ойын барысы туралы Дидар "Астана" клубының баспасөз қызметіне өз ойымен бөлісті:

Ойын өте қиын болды. "Чонбук Хендай" командасының техникасы мықты, әрі жылдам ойнайтын ұжым екен. Алайда, біз бапкерлер тарапынан берілген міндеттер мен тапсырмаларын тиянақты орындап, жеңіске жеткенімізге қуаныштымын.

- Бүгінгі ойында соққан голың сен үшін қаншалықты маңызды?

- Әрине, мықты командаға қарсы кездесуде гол соғу өзіңе деген сенімділікті арттыруға көмектеседі. Дегенмен, мен үшін ең бастысы – команданың жеңісі. Бұл ойында жеңіске жетуімізге алаңға шыққан әрбір ойыншының еңбегі бар.

- "Астана" командасымен алғашқы оқу-жаттығу жұмысын өткіздің. Команда сені қалай қабылдады?

- Өте жақсы қабылдады. Команда сапындағы көп ойыншыларды бұрыннан білемін. Сондықтан, командаға бейімделу барысында аса бір қиындықтар болған жоқ.

- "Астана" командасында бәсекелестіктің жоғары екенін білесің ғой. Оған қаншалықты дайынсың?

- Әрине дайынмын. Бәсекелестіктің болғаны команда үшін де, ойыншы үшін де пайдалы.

- Сен шабуылдың орта тұсында және қапталда ойнай аласың. Сен үшін қай позицияда ойнаған ыңғайлы?

- Бапкер мені алаңның қай бөлігінде ойнағанымды қаласа, сол жерде ойнауға дайынмын. Бірақ, өзіме қапталда ойнаған ұнайды.


  0