Төлебаев пен Маркович әлемдегі ең бойшаң футболшылардың көшін бастады

Тізімде Питер Крауч, Костел Пантилимон, Фрейзер Форстер секілді футболшылар бар.

Ресейлік "Чемпионат" порталы әлемнің ең бойшаң деген футболшыларының тізімін жасапты. Бұл тізімге екі бірдей Қазақстан біріншілігінде өнер көрсететін футболшылар енген. 

Порталдың жасаған тізімінде "Вестерло" (Бельгия) қақпашысы Кристоф ван Хаут бірінші орында тұр. Оның бойының ұзындығы - 208 сантиметр екен. Екінші орынға ел біріншілігінде өнер көрсететін "Ақжайықтың" қақпашысы Денис Төлебаев (205 сантиметр) орналасқан. Үздік үштікті алматылық "Қайраттың" қорғаушысы Жарко Маркович түйіндеп тұр. Сербиялық қорғаушының бойының ұзындығы 204 сантиметр. 

Бұл футболшылардан бөлек тізімде Ласина Траоре (ЦСКА, Ресей - 203см), Костел Пантилимон, ("Уотфорд",Англия - 202см), Никола Жигич (клубтсыз - 202см), Ваня Милинкович-Савич, ("Лехия", Польша - 202 см), Симон Макинок ("Престон", Англия - 201 см), Фрейзер Форстер, ("Саутгемптон", Англия 201 - см), Питер Крауч ("Сток Сити", Англия - 201 см) секілді футболшылар кірген. 

Айта кетейік, 29 жастағы Денис Төлебаев Алматы футбол мектебінің түлегі. Ол карьерасын "Алматы" клубында бастаған болатын. Одан кейін "Қазақмыс", "Қайрат", "Мегаспорт", "Локомотив", және "Ертіс" командаларының намысын қорғаған. 

Ал 30 жастағы Жарко Маркович "Қайрат" сапында 2014 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Осы уақытқа дейін алматылық клуб сапында қорғаушы Қазақстан біріншілігінің 75 ойынына қатысып, 7 гол соққан. "Қайратқа" ауысарға дейін сербиялық қорғаушы румыниялық "Газ-Метан", сербиялық БАСК және "Сопот" командаларында ойнаған. 









  0