"Ақтөбе" футболшыларының жалақысын жария етпейтін болды

Бұл туралы клубтың директоры Мақсат Тумалиев айтты.

Бұдан былай ел біріншілігінде өнер көрсететін "Ақтөбе" клубы футболшылардың табыстарын жарияламайтын болады. Бұл туралы клубтың бас директоры Мақсат Тумалиев ұжымның ресми сайтына берген сұхбатында айтты. 

Естеріңізде болса, өткен маусымның соңында клубтың экс-директоры Владимир Васильев команда сапында бірнеше ойыншылардың айлықтарын жариялаған еді. Дмитрий Пантелеевич таратқан мәлімет бойынша, былтыр "Ақтөбе" сапында ең көп жалақыны Алексей Щеткин алыпты. Оның жалақысы 9 миллион теңге. Одан кейін айына 6 миллион алатын Самат Смақов орналасқан. Осы мәселеге байланысты қоғамда әжептеуір дау шыққан еді. Енді бұл жағдайдан кейін "Ақтөбе" клубы ешкімнен де жалақысын жария етпейтін болыпты. 

"Былтыр футболшылардың тегі мен сандары жазылған бір жапырақ қағаз шықты. Соған сүйеніп жанкүйерлер футболшылардың жалақыларын білгендей болды. Мөрсіз, қол қойылмаған. Барлық футболшыларды көрсетпеген, іріктеп көрсеткен. Мұндай құжатқа қарап, "иә, шынымен де осылай екен" деп ешкім айта алмайды. Екіншіден, мен футболшылардың жалақылары мынадай деп жеңіл-желпі өте шығып, кейін оларға астыртын бонус беріп, олардың айлықтарын екі, тіпті үш есе көтеруді құптамаймын. Сондықтан да "Ақтөбе" өз алдында, жанкүйерлерінің алдында адал болғысы келеді. Мен футболшылардың жалақыларын ашып көрсетуді дұрыс деп есептемеймін. Барлық футбол әлемінде де мұндайды құп көрмейді. Менің түсінігімде бұл өте әдепсіз тірлік, бұл әр ойыншының жеке шаруасы. Жалақыларды ашу салдарынан ұжым ішінде түсініспеушіліктер, реніш, қызғаныштар туындауы мүмкін. Футболшылар жан-тәнімен толықтай футболға берілулері керек. Кәсіпқой болып қалулары керек. Біз де өз кезегімізде өзін және ойыншыларын сыйлайтын клуб болып қалуымыз керек. Сол үшін де былтыр клубқа жан-жақтан өкпе-реніш пен наразылық көп болды. Бюджет бар, біз оған жауап беруге міндеттіміз. Клубтың дұрыс ұстанған позициясы осы деп білемін", - дейді бұл мәселеге байланысты директор. 

Сонымен қатар, сұхбат Тумалиев мырза клубқа келіп жатқан шет елдік қымбат ойыншылар үшін клуб ешқандай ақша төлеп жатқан жоқ екенін айтты. 

"Иә, біздің барлық легионерлеріміздің трансфер нарығындағы құндары жоғары. Бірақ бірден айта кету керек, қазіргі уақытта "Ақтөбе" клубы ешкімді сатып алып жатқан жоқ, олардың трансферлік бағалары қандай болғанына қарамастан бізге тегін келіп жатыр, өйткені олар еркін агенттер. Бұл Жуниньоға да, басқа да ойыншыларға қатысты", - дейді ол. 

Айта кетейік, қазіргі уақытта еліміздің бес дүркін чемпиондары Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Қазірдің өзінде клуб қақпашы Андрей Сидельников, Дамир Дәуітов, Берік Айтбаев, Рафкат Аслан, жартылай қорғаушылар Бауыржан Байтана, Рахымжан Розыбакиев бразилиялық легионерлер Кассиано, Витор Жуниор, Жуниньомен және аргентиналық Чако Торреспен келісімшарт жасады. 




  0