Қазақ күресінің халықаралық федерациясы Біріккен күрес әлемнің құрамына кірді

Қазақ күресінің халықаралық федерациясы 2017 жылы құрылды.

Лозаннадағы Біріккен күрес әлемінің UWW резиденциясында Қазақстан ұлттық олимпиадалық комитетінің президенті Тимур Құлыбаев пен United World Wrestling басшысы, Халықаралық Олимпиада комитетінің мүшесі Ненад Лалович мырзаның кездесуі өтті, - деп хабарлайды ҚР ҰОК. 

Кездесу барысында қос тарап ағымдағы жылдың 14-22 қыркүйегі аралығында Нұр-Сұлтанда өтетін күрес түрлерінен әлем чемпионатына дайындық кезеңін талқылады. Аталған сын Токио Олимпиадасына лицензия таратады.

Жарыс қорытындысы бойынша 1-ден 6-шы орын аралығында орналасқан балуандар төртжылдық додасына тікелей жолдама алмақ. Олимпиада қарсаңындағы маңызды додаға әлемнің мыңға жуық балуаны қатысады деп күтілуде. Өткен жылғы әлем чемпионатына 850 спортшы қатысқанын айта кету керек. UWW президенті Қазақстан астанасындағы әлем чемпионаты жоғары деңгейде өтетініне сенім білдірді.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан ҰОК пен UWW арасындағы әріптестік мәселесін, сондай-ақ, еліміздегі еркін, әйелдер және грек-рим күресінің даму қарқынын талқылады.

Биылғы жылдың 4-8 шілдесі аралығында Нұр-Сұлтанда кадеттер арасындағы Азия чемпионаты өтеді. Сондай-ақ, Қазақстан Азия аймақтық іріктеу турнирін өткізуден де үмітті. Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионатында жолдамадан ала алмаған балуандардың аталған сында лицензияны иеленуіне мүмкіндік беріледі. Турнирде бірінші және екінші орын иемденген спортшылар үшін Олимпиадаға жол ашылмақ.

Бұдан бөлек, кездесуде Qazaq Kuresi Халықаралық федерациясын UWW қатарына қосу мәселесі оң шешімін тапты. Айта кетелік, 2017 жылы құрылған Qazaq Kuresi Халықаралық федерациясын Қанат Бозымбаев басқарады. Бүгінде федерация құрамына 29 мемлекет енген. Сондай-ақ, Qazaq Kuresi федерациясы еліміздегі олимпиадалық спорт түрлері мен аталған ұлттық спорт түрін дамытуды қолға алған Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері Конфедерациясының мүшесі саналады.


  0