Бокстан сарапшы әжейлер Қазнетті тәнті етті

Видеода әжейлер Головкин - "Канело" жекпе-жегін қызу талқылайды.

Әлеуметтік желілерде әжейлердің Головкин мен Альварестің жекпе-жек қорытындысын талқылаған қызықты видеосы тарап жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Риясыз апаларым ай!" деген атаумен жарияланған видеода екі әжейдің бірі Головкиннің құлақшекеден жасаған соққысын айтса, екіншісі тағы бір соққы болғанда "Канело" есінен танып, құлайтын еді деп тұжырым жасайды.

"Головкин артқы кезде өзін-өзі ұстады. Бірақ анау қу бір күн бұрын Головкинді жеңем деді, сөйтіп, екеуі тең түсті ғой", - дейді әжелер. Қолданушыларға олардың диалогындағы "алай деуге, бұлай деуге төрешілердің шамасы келмеді" дегені тіпті ұнап қалған болуы керек, көбі осы сөзінің дәлме-дәл айтылғанына назар аударып, тәнті болып жатыр.



"Фальш жоқ, сондай күшті. Ананы Мерил Стрип пен Джулия Робертс те ойнап бере алмайды", "Мына апаларды құшақтап алғым кеп тұр", "Мына апалар дайын комментатор ғой", "Осындай апаларымыз аман болсын. Нағыз төреші апалар" деп әзілдеп жатыр қолданушылар.

Еске салайық, 17 қыркүйекте таңғы уақытта Лас-Вегаста өткен жекпе-жек 12 раундқа созылған еді. Жекпе-жек қорытындысы бойынша Головкин мен Альварес тең түсіп, Головкин барлық титулын қорғап қалды. Алайда артынша бокс әлемінің сарапшылары мен жанкүйерлер әбден дауласып, кімнің басым болғанын анықтап жатты. Кейін Спорттық комиссия басшысы "Канелоның" пайдасына дауыс берген төрешіні шеттеткен еді.


  0