Қазақ дзюдошысы әлем чемпионатының күміс жүлдесін еншіледі

Отандасымыз финалда жапон спортшысы Аве Хифумиге жол беріп алды.

Қазақстандық дзюдошы Ерлан Серікжанов Әзірбайжан елінің астанасы Бакуде өтіп жатқан әлем чемпионатында 66 келіге дейінгі салмақта күміс медаль еншіледі. Отандасымыз финалда жапон спортшысы Аве Хифумиге жол беріп алды. 

Отандасымыз алғашқы белдесуінде Мозамбик елінен келген Артур Карлос Джуниорды иппонмен жеңді. Екінші белдесуінде Барух Шмаиловты (Израиль) жарыс жолынан шығарды. Үшінші рет татамиге шыққанда Молдовадан келген Вадим Бунескуді алып жығып, жеңіске жетті.

Ерлан үшін ширек финалдағы белдесу оңай болған жоқ. Моңғол Херленг Ганболдты жеңіп тұрып, соңғы секундта ұпай беріп алды. Нәтижесінде жеңімпаз голден скорда анықталды. Отандасымыз бірінші болып әдіс жасап, жеңіске жетті.

Жартылай финалда қазақстандық дзюдошы Израиль елінің спортшысы Таль Фликкермен кездесті. Осы салмақ дәрежесінде IJF рейтингінде бірінші тұрған қарсыласынан қазақ спортшысы қаймыққан жоқ. Негізгі уақытта тең белдесіп, голден скорда Ерлан әдіске бірінші салды. 2017 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегерін иппонмен айқын жеңді.

Ерлан Серікжанов финалда Аве Хифумимен кездесті. Жапон дзюдошысы 2017 жылы Будапештте өткен әлем чемпионатында топ жарған. Финалдық белдесуде Аве бірінші әдіске салып, жеңіске жетті.

Айта кетейік, кеше 48 кг салмақ дәрежесінде Галбадрах Отгонцэцэг әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған болатын.


  0