Азия біріншілігінде бақ сынайтын дзюдошыларымыз жасақталды

Азия біріншілігінде бақ сынайтын дзюдошыларымыз жасақталды

24 мамырда Қытайдың Гонконг қаласында дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы Азия чемпионаты басталады. Айтулы жарыста Елдос Сметовтен басқа, еліміздің барлық белді балуандары бақ сынайды. Әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы деген атағы бар қандасымыз әлі де жарақатынан айыға алмай жүрген сыңайлы.

Ерлер сайысында аса жеңіл салмақта ағайынды Ғұсман мен Ғұмар Қырғызбаевтар белдеседі. Былтыр әскерилер арасында әлем чемпионы атанған Ғұсман үстіміздегі жылдың сәуір айында Анталияда ұйымдастырылған Гран-при додасында бас жүлдені олжалады. Ғұмар да – бірқатар халықаралық турнирде атой салған сайыпқыран. 66 келі сал­мақ дәрежесінде Елдос Жұмаха­нов пен Азамат Мұқанов күш сынасады. Олардың да есімдері жанкүйерлерге жақсы таныс. Елдос бірқатар аса ірі халық­аралық турнирлерде жүлдегерлер санатына қосылса, Азамат – әлем чемпионаты және Азия ойын­дары мен құрлық біріншілігінің жүлдегері.

73 келі салмақта Жансай Смағұлов боз кілемге шығады. Ол – Рио Олимпиадасына қатысып, көптеген дүбірлі додада мол тәжірибе жиған сақа спортшы. 81 келі салмақта Әзиз Қалқаманұлы мен Дидар Хамзаға сенім арты­лып отыр. Бұған дейін қос қан­дасымыз да құрлық біріншілігінде жүлде алған. 90 келі салмақ дәрежесінде Ислам Бозбаев пен Сұңғат Закирияев бар. Бір жарым жылдан аса уақыт үлкен спорттан қол үзіп қалған Исламның қазіргі бабы жақсы. Ол жуырда Бакуде өткен Гранд Слам турнирінде топ жарды. 100 келі салмақта әлем чемпионы Максим Раков өнер көрсетсе, аса ауыр салмақта тәжі­ри­белі Ержан Шынкеев пен жас да­рын Еламан Ерғалиев ел намы­сын қорғайды.

Әйелдер арасындағы басты үмітіміз аса жеңіл салмақтағы Отгонцецег Галбадрах екені даусыз. Бұл балуан былтыр Рио Олимпиадасында қола медальді иеленіп, қазіргі кезде әлемдік рейтингте екінші орынды енші­леу­де. Осыған дейінгі Азия чем­пио­наттарында алдарына жан салмаған Мариям Ордабаева (63 келі) мен Гүлжан Исанова (+78 келі) Аспанасты елінде тек ал­тын­нан алқа тағынуды көздеу­де. Сол секілді соңғы кездері табыс­ты өнер көрсетіп жүрген Әлбина Амангел­диева (78 келі) да өз жан­күйер­лерін қуантуды мақсат тұтуда.

Өзге салмақ дәрежелерінде Севара Нышанбаева (57 келі ), Анна Казюлина (57 келі), Ділбар Өмірәлиева (70 келі), Зере Бектасқызы (70 келі) және Зарина Райфова (78 келі) сынды аруларымыз құрлықтың басты жарысында бақ сынайды.

Естеріңізге сала кетейік, был­тыр Кувейтте өткен Азия чем­пио­на­­тында Қазақстан құра­масына бір­де-бір алтын бұйыр­маған. Отан­дас­тары­мыздың ара­сынан Максим Раков (100 келі) күміс алса, Мариям Орда­баева (63 келі), Гүлжан Исанова (+78 келі) және Ержан Шынкеев (+100 келі) қолаға қол созды. Ерлер бәсекесінде Жапония (3 алтын+2 күміс+2 қола) мен Оңтүстік Корея (3+2+0) құра­ма­ла­рының қарқыны өте күшті болды. Үш алтыннан олжалаған қос команда жалпы есепте көш бастады. Үшінші орынға Өзбек­стан (1+1+2) табан тіреді. Әйел­дер сайысында Күн шығыс елінің қыз­дарына (3+1+3) тең келер ешкім болмады. Екінші және үшінші орындарда – Монғолия (2+2+0) мен Қытай (2+0+3) құра­малары.

Гонконгтағы Азия біріншілігі алты күнге созылып, 29 мамырда өз мәресіне жетеді. Содан кейін дүниежүзілік рейтингте жоға­ры­ла­у­ға мүмкіндік беретін халық­ара­лық турнирлер қайта жалға­са­ды. Осы жарыстардың барлығы да үстіміздегі жылдың күзінде өте­тін әлем чемпионатына даярлық ретінде қарастырылуда.


  0