Хоккейден Қазақстан құрамасы үшінші ойын қатарынан жеңіске жетті

Оңтүстік Корея елінің хоккейшілерін 4:1 есебімен ұтты.

Хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан бірінші дивизиондағы әлем чемпионатында үшінші ойын қатарынан жеңіске жетті.

"Барыс-Аренадағы" ойында ұлттық құрама Оңтүстік Корея елінің хоккейшілерін 4:1 есебімен ұтты.

Кездесудің 4 минутында-ақ Павель Акользин Қазақстан құрамасын есепте алға шығарды. 17 минутта қорғаушы Леонид Метальников нәтижені еселеді.

Екінші кезеңде Дмитрий Шевченко соққан шайба есепті 3:0-ге жеткізді. Ал үшінші кезеңде командалар бір-бір шайбадан алмасты. 51 минутта Сан Ву Син шайба авторы атанса, араға екі минут сала Никита Клещенко Қазақстан құрамасының ойындағы төртінші шайбасын соқты.



Осыған дейін Қазақстан құрамасы Литва мен Словения құрамаларын ұтқан болатын. Келесі ойынын 4 мамыр күні Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 17:30-да Беларусь елінің құрамасына қарсы ойнайды.


  0