"Жалтақтап жүреді". Рыспаев өзін МакГрегорге теңеуге қатысты жауап берді

Хоккейші Қазақстанда Головкин сияқты өз қаһармандары барын айтады.

Астаналық "Барыстың" тафгайы Дамир Рыспаев "Чемпионат.com" басылымына берген сұхбатында өзін UFC жұлдызы Конор МакГрегормен салыстыруына қатысты ойын айтты. Астаналық команда және Қазақстан құрамасының бұрынғы бапкері Андрей Назаров хоккейшіні ирландиялық файтерге теңеген еді. 

"Назаров мені МакГрегормен салыстырды ма? Мұндайды естіген ұнайды, бірақ, мен Конор емеспін. Бізде Қазақстанда өз қаһармандарымыз бар - Головкин. Осы боксшымен салыстыру ұнамдырақ әрі жақын болатын еді. Мен мұзайдында өзімді қалай көрсете аларымды дәлелдегенмін, команда мені көруге қуанышты болды. Бәрін қызыққа батыра алатын ойыншы мұзайдынға шыққаны жақсы ғой. "Авангардқа" психолгиялық қысым да болды, олар ойланып, жалтақтап жүреді", - дейді Рыспаев. 

Мұның алдында Дамир Рыспаевты әлемге тафгай ретінде танытқан Андрей Назаров қазақстандық қорғаушыны "Барыс" сапына шақыртудың оңды боларын айтқан. Оның сөзінше, Дамир "Барыс" үшін өзіндік МакГрегор болады. 

Еске салайық, Гагарин Кубогы екінші кезеңінің үшінші матчінде "Барыс" Балашихада "Авангардтан" 5:0 есебімен ойсырай жеңілді. 


  0