Қыздар университетінің құрамасы ауыр атлетикадан ел чемпионы атанды

Сайыс X жазғы Универсиада аясында өтті.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Педагогика және психология факультетінің студенттері X жазғы Универсиадада ауыр атлетикадан ел чемпионы атанды. Бұл туралы оқу орнының Баспасөз және қоғамен байланыс бөлімі хабарлап отыр.

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының мұрындық болған жарысқа 20 шақты жоғары оқу орны қатысты. Шара Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің базасында өтті.

Бұл сайыса Қыздар университетінің зілтеміршілері 6 алтын, 2 күміс және 1 қола медальға ие болып, жалпыкомандалық есепте көш бастады.

Спортшы қыздарды жаттықтырған ҚҰҚПУ Спорт клубының басшысы Сәдуақас Шыңғысбаевтың айтуынша, шаршы алаңдағы сайыс аса тартысты өткен.

Марапаттау рәсімінде ауыр атлетикадан Қазақстан Республикасының ұлттық құрама бапкері Юрий Мельников пен Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің Стратегиялық даму және интернационализация жөніндегі проректоры Талжан Раимбердиев бағы жанған спортшыларға сәттілік тілеп, жеңімпаздарға Универсиада дипломын, жүлделер және арнайы кубоктарды табыстады.

Айта кетейік, қыздар арасындағы жарыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті бірінші, Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті және  Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің құрама командасы үшінші орын иеленді.


  0