Қазақ балуандары Нью-Йорктегі халықаралық турнирде 8 медаль еншіледі

Еркін күрес шеберлерібұл жарыстан кейін Айовадағы әлем кубогына қатысады.

Күрес түрлерінен Нью-Йоркте Билл Фарреллді еске алуға арналған халықаралық турнир аяқталды. Бұл жарысқа Қазақстаннан еркін күрес балуандары қатысты.

Нью-Йорктегі халықаралық турнир ұзақ жылдардан бері ұйымдастырылып келеді. 2014 жылдан бастап жарыстың атауы танымал жаттықтырушы Билл Фарреллді еске алуға арналған турнир болып өзгертілген.

Билл Фаррелл – еркін күрестен АҚШ құрамасы тарихындағы танымал жаттықтырушы болған. 1972 жылы Мюнхен Олимпиадасында оның шәкірттері Дэн Гейбл, Вени Велс және Бен Петерсон чемпиондық атаққа қол жеткізді. Бұл нәтиже – АҚШ құрамасы тарихындағы үздік жетістіктердің бірі.

Америкалық балуандар үшін де бұл жарыстың маңызы жоғары. World Team Trials ұлттық турнирінің бір кезеңі болып саналады. Осы жарыстар негізінде әлем чемпионатына қатысатын балуандары анықталады.

Нью-Йорктегі биылғы балуандар бәсекесіне 13 елден 135 спортшы қатысты. 10 салмақ дәрежесінің 6-да америкалық балуандардың аты оза шапты. 3 алтын 2 күміс 3 қола медальды қазақ балуандары жеңіп алды. Бір алтын жүлдені қырғыз балуаны Самат Надырбек Уулу (57 кг) иеленді.

Халықаралық турнирде 70 кг салмақ дәрежесінде Саятбек Оқасов топ жарды. Ол финалда америкалық балуан Кайл Рушерді жеңді. 92 кг салмақта Илисхан Чилаев үздік шықты. Финалда ол да америкалық балуан Кеннет Кюртсты (16-6) айқын жеңді. Қоржынға түскен үшінші алтын медальды аса ауыр салмақта (125 кг) Ермұхамбет Іңкәр иеленді. Ол финалда отандасымыз Олег Болтинмен белдесті.

Күміс жүлдені Олег Болтин (125 кг) және Сәкен Айтжанов (86 кг) еншіледі. Мейіржан Әшіров (70 кг), Эльхан Асадов (86 кг) пен Маммед Ибрагимов (125 кг) халықаралық турнирдің қола жүлдегерлері атанды.



Қазақ еркін күрес шеберлері Нью-Йорктегі халықаралық турнирден кейін Айовадағы әлем кубогына қатысады. 7-8 сәуір күні өтетін командалық жарыста Қазақстан құрамасы Куба, Ресей, Әзірбайжан құрамаларымен бір топқа түскен. Кейіннен ресейлік балуандардың бұл жарысқа қатыспайтыны (саяси салқын салдарынан) белгілі болды. Оларды моңғол немесе үнді балуандары алмастырады.


  0