Қазақстандық балуан Алмат Кебіспаев жаңа салмаққа ауысты

Қазақстандық балуан Алмат Кебіспаев жаңа салмаққа ауысты

2008 жылы Қытай елінің астанасы Бейжіңде өткен Олимпиада ойындарында грек-рим күресінен қола жүлдегер атанған Нұрбақыт Теңізбаев қазақстандық балуан Алмат Кебіспаевтың жаңа салмаққа ауысып, оның орнына жас спортшы келгенін айтты. 

«Олимпиада ойындарынан кейін көптеген балуандар салмақ дәрежелерін ауыстырып жатыр. Мәселен, біздің Алмат Кебіспаев бұрын 59 келіде күрескен болса, енді 66 келі салмаққа өтті. Оның орнына 59 келі салмаққа талантты балуан Мейрамбек Айнақұлов келді. Дәл осындай өзгерістер басқа да елдердің құрамаларында болып жатыр. Ресей командасының 75 келідегі екі дүркін Олимпиада чемпионы Роман Власов 80 келі салмақта өнер көрсетеді. Сондай-ақ, еркін күрес балуандары арасында кездесулер өте тартысты болмақ. 86 келі салмақта Рио Олимпиадасының чемпионы Абдулрашид Садулаев салмақ дәрежесін өзгертіп, 97 келіге ауысқан болатын, ол жерде Рио Олимпиадасының чемпионы американдық Кайл Снайдер бар, осы екі балуан арасындағы кездесуді күрес жанкүйерлері күтіп жүргені анық. Ақжүрек Таңатаровтың салмағында да жарыс тартысты болады. Бұл салмақта фаворит қазірше Италияның балуаны - Франк Чамизо. Менің ойымша, бұл әлем чемпионатында жаңа есімдер шығып қалуы мүмкін!», - деп жазды танымал палуан Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Нұрбақыт Теңізбаев грек-рим күресімен 1995 жылдан бері айналысады. 2003 жылы Ыстамбұлдағы жас арасында әлем чемпионы атанды. Иранда өткен 2005 жылғы әлем кубогының күміс, Уханьдағы Азия біріншілігінің қола жүлдегері. Мансабындағы ең жоғары жетістікке 2008 жылы жетті. Бейжің қаласында өткен Олимпиада ойындарында 60 келіге дейін қола медальді жеңіп алған. Грек-рим күресінен халықаралық санаттағы спорт шебері. 2008 жылы «Құрмет» орденімөн марапатталған.

Естеріңізге сала кетсек, грек-рим күресінен әлем чемпионаты ағымдағы жылдың 21-26 тамыз аралығында Париж қаласында өтеді.


  0