Алматыда еркін күрес балуандарының академиясы ашылды

Алматыда еркін күрес балуандарының академиясы ашылды

Алматы қаласында Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері Конфедерациясы, Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті, ҚР Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының ұйымдастыруымен жаңадан ашылған еркін күрес екадемиясының таныстырылу рәсімі өтті.

Іс-шараға ҚР Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының төрешілер корпусы және бапкерлер штабының жұмысы жөніндегі вице-президенті Ерлан Сәдуақасұлы Қожасбай, еркін күрестен Қазақстан құрамасының бас бапкері Әсет Серікбаев, еркін күрестен Қазақстан құрамасының жаттықтырушы-кеңесшісі, Олимпиада чемпионы, бес дүркін әлем біріншілігінің жеңімпазы Хаджимурат Гацалов және ұлттық құраманың балуандары қатысты.

Жалпы 50 спортшыға арналып ашылған академияда Қазақстан жастар құрамасы мен жасөспірімдер және сурдлимпиадаға қатысатын балуандар дайындықтарын өткізеді. 

"Балуандарда академияға жарты ай бұрын алып келдік. Негізі мұндай академия Қазақстанда бірінші рет ашылып отыр. Мұнды жас балуандар дайындықтарын пысықтайтын болады. Жарты ай бойы біз жігіттерді іріктеп алдық. Енді сыннан өткендері осы жерде дайындалатын болады. Бұл академияны ашардан бұрын біз бірнеше уақыт сараптама жасадық. Неге Қазақстаннан әлем және Олимпиада чемпиондары шықпай жатқанын зерттедік. Сөйтіп, мәселенің барлығы балуаннын әу баста алатын тәрбиесінде, яғни күрес мектебінде екеніне көзіміз жетті. Шет елден жас балуандармен жұмыс істейтін бапкерлер шақырдық. Олардың ішінде Майрбек Юсупов және Хажмимурат Гацалов бар. Қазіргі уақытта біз спортшылар үшін академияда барлық жайдайын жасадық", - Ерлан Қожасбай. 

Академияның жұмыстарымен Хаджимурат Гацалов айналысатын болады. Даңқты ресейлік балуынның айтуынша, бүгінде академияда бірінші кезекте темір тәртіпті орнату басты мақсат болыпты. 

"Таланты мен потенциалы жоғары жігіттердің барлығын осында жинадық. Біріншіден балуандарға бәсеке пайда болсын дедік. Сонсоң тәртіпті үйренсін деп. Академияда жаттығып жүрген балуандар 23:00-де ұялы телефондарын бапкерлерге өткізіп, барлығы да ұйықтайды. Бұл академияның негізгі қағидасы. Тәртіпсіз нәтиже болмайды. Әр балуанның өзіндік қойын дәптері бар. Жаттығуларын жазып жүреді. Кемшіліктері осы дәптердің ішінде. Бапкерлер де осылай жұмыс жасайды. Балуандар келген жарты айдың ішінде жігіттер де деңгейлерінің өскенін айтып жатыр. Енді ай соңында Финляндияда жастар арасындағы әлем чемпионаты болады. Бұйырса, бірінші нәтижені сонда көретін шығармыз, - дейді Гацалов. 

Аталмыш шара барысында Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті шілденің 18-30 аралығында Түркияның Самсун қаласында өтетін Сурдлимпиадаға қатысатын балуандарымызға арнайы форма табыстады.


  0