"МЮ" Роналдудың ізбасары үшін 120 миллион төлеуге келісті

Футболшыға Еуропаның топ-клубтары көз тігіп отыр.

Англиялық "Манчестер Юнайтед" және мадридтік "Атлетико" португалиялық "Бенфикамен" форвард Жоау Фелиштің трансферіне қатысты келіссөздер бастады.

Record мәліметінше, "МЮ" 19 жастағы португалиялық үшін 105 миллион фунт (шамамен 120 миллион еуро) төлеуге дайын. Сонымен бірге,  "Атлетико" маусым аяқталасымен клубтан кететін Антуан Гризманның орнын басатын футболшы іздеп жатыр.

Мұның алдында "Бенфика" Еуропаның бірқатар топ-клубтарының нысанына айналған Фелишпен жаңа келісім жасаған. Ойыншы келісімшартты үзген жағдайда клубқа 120 миллион еуро төленеді, "Бенфика" басшылығы оны 200 миллионға дейін көтергісі келеді.

Биылғы маусымда Фелиш Португалия Примейрасында 24 матч өткізіп, 13 гол соқты. Бұл ойыншыға "Ювентус", "Манчестер Сити", "Пари Сен-Жермен" және "Реал" да қызығып отыр.

Ал Португалия құрамасының шабуылшысы Криштиану Роналду Фелишті өзінің ізбасары ретінде көреді екен. Форвард "Ювентус" басшылығын "Бенфика" ойыншысын сатып алуды өтінген.


  0