"Барселонаға" қарсы ойында камбэк жасаған "Ливерпуль" Чемпиондар лигасының финалына шықты

Турнирдің шешуші матчінде англиялық клуб екінші рет қатарынан ойнайды.

Англиялық "Ливерпуль" Чемпиондар лигасы жартылай финалының қарымта матчында "Барселонаны" ірі есеппен жеңіп, финалға жолдама алды, - деп хабарлайды Vesti.kz

"Энфилдте" өткен ойында алаң иелері сапында көшбасшылар ойнаған жоқ - мысырлық Мохамед Салах пен бразилиялық Роберто Фирмино жарақат алған болатын. 

"Барселонада" өткен алғашқы матч каталониялықтардың пайдасына 3:0 есебімен аяқталған еді, ал"Ливерпуль" өз алаңында қонақтар қақпасына жауапсыз төрт гол соқты. 

7-минутта Дивон Ориги есеп ашқан. Үзілістен кейін "Барселона" қақпасында доп тағы үш рет тулады. 54 және 56-минуттарда Джорджиньо Вейналдум қанжығасын майлап, екі матч нәтижесі бойынша есепті теңестірді. Ал 79-минутта Ориги өз мүмкіндігін жібермей, матчтың нүктесін қойды - 4:0. 

Осылайша, екі матчтың қорытындысы бойынша "Ливерпуль" "Барселонаны" 4:3 есебімен жеңіп, қатарынан екінші жыл финалға жолдама алды. 

Чемпиондар лигасының финалы 1 маусымда Мадридтегі "Метрополитано" стадионында өтеді.


  0