"Реал" капитаны мен Роналдудың досы жанжалдасып қалды

Бразилиялықтың "Ювентуспен" келісімге келгені хабарланған.

Мадридтік "Реал" қорғаушылары Серхио Рамос және Марсело команданың таңғы жаттығуында жанжалдасып қалды. Бұл туралы Marca хабарлап отыр.

Футболшылар екі командаға бөлініп ойнаған. Марселоның жеңіске қатты қуанғаны Рамосқа ұнамай қалып, осы үшін жазғырған. Бұған бразилиялық әр жеңісте осындай көңіл-күйде болатынын айтқан. 

Осыдапн кейін футболшылар бірнеше минут дауласып тұрған екен. Жағдайға "Реалдың" өзге ойыншылары араласып,  ақыры футболшылар бітімге келгенге ұқсайды.

Мұның алдында Марсело туриндік "Ювентуске" ауысу туралы келісімге келгені хабарланған, 2018 жылдан бері бұл командада оның досы португалиялық Криштиану Роналду ойнайды.

27 тур қорытындысы бойынша "Реал" 51 ұпаймен Испания чемпионатының турнирлік кестесінде үшінші тұр. Мадридтіктер көш бастап тұрған "Барселонадан" 12 ұпай қалып отыр. Жақында мадридтік клуб Чемпиондар лигасынан және Испания кубогы үшін жарыстан шығып қалды.


  0