"Бұлай жеңілгеніміз ұят". 6:1 есебімен "Қайраттан" ұтылған "Ақтөбенің" капитаны кешірім сұрады

Бұл ақтөбеліктердің маусымдағы сегізінші ұтылысы.

"Ақтөбе" командасының капитаны Александр Симчевич жанкүйерлерінен Қазақстан премьер-лигасының 28-ші туры матчінде алматылық "Қайраттан" ойсырай ұтылғаны үшін кешірім сұрады.

Ойын 30 қыркүйек Алматыда өтіп, 6:1 есебімен аяқталды.

"Мұндай жеңілістен кейін бірдеңе айту қиын. Капитан ретінде алдымен жанкүйерлер алдында бүкіл команданың атынан кешірім сұрағым келеді. Бірінші кезекте мұндай жеңіліске олар лайық емес еді. Трибунаға жиналып, сұмдық қолдау білдіргендерге үлкен алғыс! Есеп айырмасы үлкен болса да жанкүйерлер қолдай берді! Бұлай ақтөбеліктер ғана қолдай алады! Осыдан кейін мұндай жеңіліске ұяла түсесің... Қазір не айтсаң да ақталып тұрғандай боласың. Бір ғана айтатыным - бүгінгі матчтен қорытынды жасаймыз және маусымды лайықты аяқтау үшін бар күшімізді саламыз", - деп келтіреді Симчевичтің сөзін клубтың сайты. 

"Қайрат" үшін бұл 2018 жылғы ҚПЛ-дегі 20-шы жеңіс, ал "Ақтөбе" сегізінші рет ұтылды. 60 ұпай жинаған алматылықтар жеті балл айырмашылығымен "Астанадан" кейін келеді. "Ақтөбе" алтыншы (36 ұпай). 


  0