"Астана" мен "Қайрат" футболшылары алаңда жаға ұстасты

Жанжалға қосалқы ойыншылар да араласты.

"Астана" Қазақстан чемпионатының 30-турында "Қайратты" жеңіп, алматылық командамен ұпай айырмасын қысқартты, - деп хабарлайды Vesti.kz.

Кездесу "Астана Арена" стадионында өткен, матч алаң иелерінің пайдасына 3:1 есебімен аяқталды.

Ойынды елордалық футболшылар белсенді бастады. 8-минутта Марин Томасов алыстан дәл соққы жасап, есепті ашты. Кейін "Қайратта" есепті теңестіретін мүмкіндіктер болған, бірақ қонақ футболшылар не қиыс тепті, не Ненад Эрич қақпасын сенімді қорғады.



Екінші таймда екі команданың футболшылары жаппай қақтығысып қалды. Оған Томасовтың жарақаты себеп болды.

Ойын қайта жалғасқаннан кейін "Астана" есепті еселеді. 61-минутта Сергей Хижниченко қанжығасын майлады.



Араға жеті минут салып "Қайрат" есеп айырмасын қысқартты. Қонақтар сапынан Раде Дугалич көзге түскен.



Матчтың нүктесін ойынға тыңнан қосылған Рангело Янга қойды, ол қосымша уақытта гол соқты.

Осылайша, "Қайраттың" бес матчтан құралған жеңістер сериясы аяқталды, бірақ команда 62 ұпаймен көш бастап тұр. "Астана" екінші орында - 60 ұпай. Бірақ елордалық клубтың әлі бір ойыны бар. Ал үздік үштікті "Тобыл" түйіндеп тұр.


  0