"Барселонаға" гол салған польшалық форвард қазақстандық клубқа ауысты

Командаға ресейлік қорғаушы да қосылды.

"Атырау" футбол клубы ресейлік қорғаушы Виталий Устинов пен польшалық форвард Петр Гжельчакты сапына алғаны туралы хабарлады.

28 жастағы Устинов карьерасының көп бөлігін "Рубинде" өткізді. РПЛ-дің өткен маусымында 20 матч, ал жалпы 52 ойын өткізіп, бір гол салған. "Рубиннен" бөлек карьерасында Устинов "Ростов", "Ротор" және "Нефтехимик" сапында өнер көрсетті.



31 жастағы Гжельчак Польшаның екінші лигасындағы "Хойничанка" үшін өткізген 21 матчте екі гол салды. Ол үшін "Атырау" грекиялық "Платаниастан" кейін шетелдік екінші клуб болып тұр. Отанында Гжельчак "Гурник Ленчна", "Ягеллония", "Лехия", "Полония Варшава" мен "Видзев" үшін де ойнаған.



2013 жылы Гжельчак каталондық "Барселона" қақпасына гол салған. Оның 50-ші минуттағы добы "Лехияны" жолдастық кездесуде алға шығарды, алайда, Лионель Месси 57-ші минутта гол соғып, испаниялық гранд жеңілістен аман қалды - 2:2.





Айта кетейік, "Атырау" 22 матч қорытындысы бойынша ҚПЛ-де оныншы келеді. Ал 30 қазанда "мұнайшылар" Қазақстан Кубогының финалында "Қайсармен" ойнайды.


  0