"Салам алейкум, Дана Уайт". Қазақстандық файтер қыз UFC-де жұдырықтасу мүмкіндігін алды

Ол алты жекпе-жегінің барлығында жеңіске жеткен.

Қазақстан тарихындағы әйелдер арасында ММА-ден алғашқы чемпион Мария Агапова (6-0) UFC басшысы Дана Уайттың шоуына шақырту алды. Оның жеңімпазы әлемдік промоушенмен келісімшартқа отыра алады, - деп хабарлайды Vesti.kz.

Бұл туралы спортшы қыздың өкілі Артем Буланов Facebook желісінде хабарлады. Агапова қазір виза алып қойған. 30 шілде Лас-Вегаста Dana White's Tuesday Night Contender Series кешінің басты жекпе-жектерінің бірінде ол жергілікті файтер, Аризона штатының күрес пен греплингтен чемпионы Трэйси Кортеспен жұдырықтасады. Жеңімпаз UFC-мен эксклюзивті келісімшарт алады. 

"АҚШ-қа виза мақұлданды. Бұған командаммен ұзақ уақыт жүрдік. UFC-де өнер көрсететін қазақстандық бірінші қыз болатыныма үміттенемін. Дана Уайт, салам алейкум! Ахмат - күш! Қазақстан алға!", - дейді Агапованың өзі. 



Агапова кәсіпқой карьерасын 2015 жылы бастаған. Алты жекпе-жегінің барлығында жеңіске жеткен. Ол Қытайда өтетін Heroines лигасы мен ММА әуесқой чемпионатында үздік болған. 

Еске салайық, UFC-де әлі Қазақстан азаматтығымен спортшы өнер көрсетпеген. Тек өзге елдердегі этникалық қазақтар ғана жұдырықтасты. 2014 жылы қытайлық қандасымыз Жұмабек Тұрсын, ал 2018 жылдың желтоқсанынан M-1 Global ұйымының бұрынғы чемпионы Дамир Ысмағұлов, ол октогонға Ресей және Қазақстан туымен шығады.


  0