Нурмагомедов әйелін кеміткен МакГрегорге жауап берді

Ресейлік спортшы бұрынғы қарсыласын екіжүзді деп атады.

Ресейлік аралас жекпе-жек шебері Хабиб Нурмагомедов Twitter желісінде әйеліне сөз тигізгені үшін Конор МакГрегорға жауап қайтарды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Осыған дейін ирландиялық спортшы өзінің Twitter парақшасында Нурмагомедовтың әйелін "сүлгі" деп атап, оның қасына беті жасырынған жекпе-жек шеберінің суретін қойған. Кейін МакГрегор бұл жазбаны өшірген.

"Сен зорлықшысың. Іс-қимылына жауап бере алмайтын екіжүзді адамсың. Өз жазаңды аласың. Әлі көрісеміз", - деп жазған Нурмагомедов Twitter парақшасында.




Ресейлік спортшының менеджері Али Абдель-Азиздың сөзінше, МакГрегор тек Нурмагомедовтың әйелін ғана қорлап қоймай жарты миллиард мұсылманға тіл тигізді.

БАҚ мәліметінше, ирландиялық спортшыға зорлық жасады деп айып тағылып, тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ, спортшыдан ирландиялық полиция қызметкерлері жауап алып, кейін босатылғаны хабарланды.


  0