"Болмаса карьерамды аяқтаймын". Жалғас Жұмағұлов жекпе-жектерден өзге табысы жайлы

Спортшы қанша гонорар алатынын айтты.

Аса жеңіл салмақта Fight Night Global чемпионы Жалғас Жұмағұлов жекпе-жектерден қанша сыйақы алғанын айтты. Бұл туралы ол TalkLike бағдарламасына берген сұхбатында мәлімдеді, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.

Биыл 20 қазанда Сочиде Жалғас ресейлік Али Багаутиновты жеңіп, чемпиондық белбеуін қорғап қалған болатын. Бұл кездесу үшін оған 40 мың доллар төленген.

"Алғашқы жекпе-жектерімде 70 мың рубль, 1500 доллар алып жүрдім. Соңғы жекпе-жегімде келісімшарт бойынша кездесуге шыққаным үшін 20 мың, жеңгенім үшін 10 мың, жарнама үшін 500 доллар алдым. Сондай-ақ трансляция үшін де төленді. Жалпы санағанда 40 мың доллар көлемінде сыйақы алдым. Ал Тагир Уланбековпен кездесу үшін 20 мың доллар берді. Артур Багаутиновке қарсы жекпе-жегім үшін 2500 доллар алғанмын. Ол кезде танымал емес едім, олар фанаттар базасына қарайды. Бапкерім мен менеджеріме 10 пайыздан беремін. Соңғы жекпе-жегімнен түскен қаражаттың 8 мың доллары солай кетті", - деді Жұмағұлов.



Қазақстандық файтердің соңғы жекпе-жектері даулы шешіммен аяқталып жүр. Кей жанкүйер Жалғастың жеңісін әділетсіз деп бағалаған.

"Шынымды айтсам, жұрттың не айтып, не жазып жатқаны бәрібір. Жұрттың көңілінен ешқашан шықпайсың. Неге олай жазады? Себебі мен титулы көп мықты спортшылармен кездесемін. Сондықтан жекпе-жектеріміз тең деңгейде өтеді. Бір ұрғаннан құлап қалатын спортшымен төбелеспеймін. Карьерамдағы қарсыластарымның бәрі мықты. Көбі менің жеңіске жеткенімді мойындағысы келмейді. Барлық жекпе-жекте мен андердог болдым, фаворит болған жоқпын. Али Багаутиновпен соңғы кездесуімде маған 4 коэффициент берілді. Көбі маған мүмкіндік те қалдырмады. Сондықтан бәрін дәлелдеп жүрмін", - дейді ол.



31 жастағы Жалғас Жұмағұловтың ендігі мақсаты - UFC-мен келісімшартқа отыру. Олай болмаған жағдайда ММА-ден кетпек.

"UFC-мен келісімшартқа отырмасам, карьерамды аяқтайтын шығармын. Жоспарым осындай. Әрі қарай жастарды баулып, жаттықтырамын. Төбелестен басқа да табысым бар. Өз залымды ашамын. Қаражат табамын, ағаларым көмектеседі деп ойлаймын. Ал UFC-мен келісімшартқа отырсам, титул жеңіп алу үшін бір-екі жыл төбелесемін. Белбеу жеңіп аламын деп үміттенемін", - деп қорытындылады Жалғас.


  0