"Канело" Головкинмен Мексикада жұдырықтасу мүмкіндігін қарастырып отырғанға ұқсайды

Боксшылар екі жекпе-жегін Лас-Вегаста өткізді.

Орта салмақта WBC, WBA (Super) және IBF чемпионы мексикалық Сауль "Канело" Альварес (52-1-2, 35 КО) келесі жекпе-жегін өз готанында өткізуі мүмкін, - деп хабарлайды BoxingScene.com.

Альварес отанында  2011 жылы Мехикода пуэрто-риколық Кермит Синтронды жеңгелі бері жұдырықтаспаған.

Мексикада жекпе-жек өткізуге альварес қана емес, оның промоутері Оскар Де Ла Хойя да қызығушылық танытып отыр. "Канелоның" мексикалық жанкүйерлері оның жекпе-жегін қыркүйекте көзбе-көз тамашалауы мүмкін.

"Қыркүйекте маңызды бір дүние ұйымдастырғымыз келеді. Біз үздік боксшылармен келісімшарт жасағымыз келеді және қазір лайықты үміткерлер іздестіріп жатырмыз", - дейді "Канелоның" менеджері Эдди Рейносо.

Альварес Мексикада жекпе-жек өткізе аларына Де Ла Хойя да сенімді. Бұл бокс кешін өткізу үшін Foro Sol және Estadio Chivas ареналары қарастырылып жатыр. Golden Boy Promotions басшысы Мексикада үлкен бокс кешін өткізу үшін көп уақыт пен күш керегін айтады.

"Бұл мүмкін дүние, бәрі жағдайға байланысты. "Канело" Мексикада жұдырықтасқысы келеді. алайда бізге қарсылас табу қажет, мұнда келуге келісетін. Әлем чемпиондары арасында мексикалықтарға толы аренаға шығып, жұдырықтасуға дайындары кемде-кем", - дейді Де Ла Хойя. 

Мұның алдында бірнеше мәлімет көзі қыркүйекте "Канело" қазақстандық Геннадий Головкинмен (38-1-1, 34 КО) жұдырықтасуы ықтимал екенін хабарлаған болатын.


  0