"Бұл нокаут дивизион элитасында екенімді көрсетті". Жүкембаев карьерасындағы өзгеріс жайлы

Ол мексикалықпен жекпе-жегін де сөз етті.

Бірінші жартылай орта салмақта жұдырықтасатын қазақстандық боксшы Батыр Жүкембаев (16-0, 13 КО) Vesti.kz тілшісіне мексикалық Луис Хесус Видалеспен (13-6, 6 КО) жекпе-жегі жайлы айтып берді. 

18 мамыр Монреальда өткен жекпе-жек форматы он раунд еді. Алайда бірінші раунд соңындағы нокдауннан соң төреші кездесуді тоқтату туралы шешім қабылдады. 

"Жекпе-жекті толық уақытымен өткізуге тырысамын. Нокауттар жұдырықтасу барысында болып жатады. Бұл кездесуге ерекше дайындалдым. Қарсылас әлсіз емес. Раунд соңында корпустан комбинациямен соққы жасадым, ол ашылды, осы сәтті пайдаландым. Бұл шешуші шабуыл болды. Төреші жекпе-жекті тоқтату туралы шешім қабылдады, бұл дұрыс еді. Дегенмен тағы бір раунд бергенде тамаша нокаут көрер едіңіздер.

Бұл жеңісім дивизион элитасында екенімді көрсетті. Үлкен жекпе-жектер мен атақты есімдерге дайынмын. Енді АҚШ-қа бет аламыз. Үлкен жаңалықтар күтіңіздер. Барлық жанкүйерлеріме алғысымды білдіремін. Бұл жеңісімді Ұлы отан соғысының барлық ардагерлеріне арнаймын", - дейді Жүкембаев. 

Айта кетейік, Жүкембаев алты саты жоғарлап, өз дивизионында ТОП-20 тізіміне жақындады.

Еске салайық, бұған дейін Батыр Жүкембаев Golden Boy промоутерлік компаниясымен келісімшартқа отыруға жақын екенін хабарлаған еді.


  0