Батыр Жүкембаевтың мексикалыққа қарсы жекпе-жегіне тікелей трансляция

Қазақстандық кәсіпқой рингте жеңіліссіз келеді.

Бірінші орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Батыр Жүкембаев (15-0, 12 КО) келесі жекпе-жегінде мексикалық Луис Хесус Видалеспен (13-6, 6 КО) жұдырықтасады, - деп хабарлайды Vesti.kz.

Он раундқа есептелген жекпе-жек 17 мамыр Eye of the Tiger Management промоутерлік компаниясы Монреальда ұйымдастыратын бокс кешінде өтеді.

Қазақстан уақытымен Жүкембаев - Видалес кездесуі 18 мамыр таңғысын өтеді, "Хабар" арнасы оны тікелей көрсетеді. Трансляция 7:00 басталады, ал интернетте көрсетілім арнаның сайтында қолжетімді.

Еске салайық, 28 жастағы Жүкембаев кәсіпқойдағы алғашқы жекпе-жегін 2015 жылы Канадада өткізді. 16 наурыздағы соңғы кездесуінде ол мексикалық Хильберто Месаны (10-6-1, 6 КО) төрешілер шешімімен жеңді.


Бұған дейін Батыр Жүкембаев Golden Boy промоутерлік компаниясымен келісімшартқа отыруға жақын екенін хабарлаған еді. Қазақстандыққа АҚШ промоутерлері қызығушылық танытқан, ал оның менеджері Анна Рева америкалық нарыққа өтетіндері туралы бірнеше рет айтқан.

30 жастағы Видалес кәсіпқой рингте 2011 жылдан бері жұдырықтасып келеді, ал Джүкембаевпен жекпе-жек оның Мексикадан тыс алғашқы кездесуі.



  0