"Канелоның" командасы Головкинмен жекпе-жек алдында чемпиондықты сақтап қалу амалын тапты

Мексикалықты титулды қорғауға міндеттеген.

Орта салмақта WBC, WBA (Super) және IBF чемпионы Сауль "Канело" Альварес (52-1-2, 35 КО) қазақстандық Геннадий Головкинмен (38-1-1, 34 КО) жекпе-жек алдында титулын сақтап қалудың амалын тапты, - деп хабарлайды Vesti.kz.

Мұның алдында IBF Альваресті украиналық Сергей Деревянченкоға (13-1, 10 КО) қарсы жекпе-жекте өз титулдарын қорғауға міндеттеген болатын. Тараптарға келіссөз жүргізуге 30 күн берілгені хабарланған еді.

"Канелоның" промоутері Эрик Гомес мәселені шешу үшін келесі аптада кездесу өткізеді. 

Өз кезегінде инсайдер Майк Коппинджер (FOX Sports, LA Times, Ring TV) Альварес Головкинмен трилогия үшін IBF белбеуінен бас тартуға да дайын екенін хабарлады. 

"IBF ешкімге жеңілдік бермейтінімен белгілі. Деревянченко Головкиннің міндетті қарсыласы болған, бірақ, GGG Ванес Мартиросянмен жұдырықтасуды шешті де, титулдан айырылды. "Канело" қыркүйекте Головкинмен жұдырықтасса, ол да белбеуден айырылады", - деп жазды ол твиттер желісінде.




Алайда "Канело" титулды сақтап қала алады. Гоместің сөзінше, оларда IBF белбеуін қорғауды кейінгі қалдырудың екі амалы бар: уақытын шегеру немесе белбеулер біріктірілетін жекпе-жек өткізу.

Бірінші амал бойынша Головкин де 2018 жылы Альвареспен жұдырықтасу үшін белбеуін қорғауды кейінге шегеруді сұраған. Бұл үшін ол ұйымға 20 мың доллар төлем жасады. Алайда мексикалық допингпен ұсталып, қазақстандық боксшы Ванес Мартиросянмен жұдырықтасты. Ары қарай IBF 90 күн ішінде міндетті қарсыласпен жекпе-жек өткізуді талап етті. Бұл талап орындалмай Головкин титулдан айырылған.

Екінші амалға қатысты "Канелоға" белбеулер біріктірілетін жекпе-жек үшін Деметриус Андардедегі (27-0, 17 КО) WBO белбеуі жетіспейді. Америкалық маусым соңында титулын қорғайды. 

Альварес әзірге шешім қабылдамаған, бірақ, оның ары қарайғы әрекеті Головкиннің 8 маусымға белгіленген DAZN-дегі дебюттік жекпе-жегіне тікелей байланысты екені хабарланып отыр. Қазақстандықтың қарсыласы жеңілмеген канадалық Стив Роллс (19-0, 10 КО).


  0