Головкиннің промоутері "Канелоның" үшінші жекпе-жекке қатысты қойған шартына жауабын берді

Мексикалық GGG-дің барлық белбеуін тартып алған.

Әлемнің бұрынғы чемпионы Геннадий Головкиннің (38-1-1, 34 КО) промоутері Том Леффлер WBC, WBA (Super) белбеулеріне ие мексикалық Сауль "Канело" Альварестің (51-1-2, 35 КО) қазақстандықпен трилогия үшін қойған шарттарына қатысты ойын айтты.

Мұның алдында Альварес егер Головкин беделді чемпиондық белбеу жеңіп алса, онымен жекпе-жек өткізуге дайын екенін мәлімдеді. 4 мамыр Лас-Вегаста "Канело" орта дививзиондағы IBF белбеуінің иегері америкалық Дэниэл Джейкобспен (35-2, 29 КО) жұдырықтасады. Мексикалықтың сөзінше, жеңіске жеткен жағдайда оның басты мақсаты абсолют чемпион атануға жетпей тұрған WBO белбеуін жеңіп алу болады.

"Бұл жекпе-жек титулдар шеңберінен шығып кетеді. Бірінші рет жұдырықтасқанда барлық белбеу GGG-де болды. "Канелода" белбеулер бола ма, жоқ па, маңызды емес, екеуіне де чемпиондықтың қажеті жоқ. Егер белбеу болса, онда тамаша, болмаса, "Канелоға" Головкинмен DAZN-да жекпе-жек өткізу қомақты пайда әкеледі", - дейді Леффлер AB BOXING NEWS басылымына берген сұхбатында. 

Айта кетейік, орта салмақтағы төртінші негізгі WBO белбеуі америкалық Деметриус Андрадеде, ол титулын маусымда қорғауды жоспарлап отыр.


  0