"Айрықша талантты боксшы". Атақты промоутер Головкиннің ізін басатын қазақстандықты атады

12 сәуірде ол бірден екі белбеу үшін жұдырықтасады.

Top Rank компаниясының басшысы Боб Арум ісін өзі жүргізетін орта салмақтағы қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұылының (5-0, 2 КО) болашағы туралы ойын айтты.

"Әлімханұлы Геннадий Головкиннің ізбасары екеніне сенемін. Оның үстіне екеуі де Қазақстаннан. Жәнібек айрықша талантты боксшы және мұны сіздер жұма күні кешке көре аласыздар", - дейді Арум. 

Жұма, 12 сәуір Лос-Анджелестегі Staples Center аренасында Әлімханұлы 27 жастағы мексикалық Кристиан Оливаспен (16-4, 13 КО) жұдырықтасады.

Бұл жекпе-жек жеңімпазы бос тұрған екі - WBO Global және WBC Continental Americas белбеуін тағады.

Тікелей трансляция астана уақытымен 13 сәуір таңғы 07:00-де басталады. Жекпе-жекті екі арна - QazSport мен Qazaqstan көрсетеді.

Әлімханұлы жұдырықтасатын бокс кешінің басты жекпе-жегінде жеңіл салмақта WBA (Super) және WBO чемпионы украиналық Василий Ломаченко (12-1, 9 КО) британиялық Энтони Кролламен (34-6-3, 13 КО) жұдырықтасады.


  0