"Отбасымды алып кетемін". Әлімханұлы АҚШ-тағы өмірі мен алдағы жоспарлары жайлы

Қазақстандық Ломаченконың андеркартында жұдырықтасады.

Орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы (5-0, 2 КО) титулды жекпе-жегі алдында алдағы жоспарларымен бөлісті, - деп хабарлайды Vesti.kz.

25 жастағы қазақстандық 12 сәуір Лос-Анджелестегі Staples Center аренасында жұдырықтасады. Әлімханұлының қарсыласы 27 жастағы мексикалық Кристиан Оливас (16-4, 13 КО).

Бұл жекпе-жек жеңімпазы бірден екі -  WBO Global және WBC Continental Americas белбеуін тағады.

"Алтыншы жекпе-жегімде екі белбеу үшін жұдырықтасатыныма қуаныштымын. Әлем чемпиондығына қарай тағы бір қадам. 

Құрлықтық белбеу үшін ғана жұдырықтасқым келмейді. Барлық титулдарға дайынмын. Әлемдік белбеу үшін жұдырықтасу үшін, ТОП-5 қарсыласты жеңу қажет. Бұл екі белбеулер маған ең мықты 15 боксшы қатарына кіруге көмектеседі. Сондықтан осыдан кейін әлем чемпионы атағы үшін жұдырықтасамын деген ойдамын", - деп келтіреді боксшының сөзін UnderTheHandWraps.com.

Сонымен қатар, Әлімханұлы АҚШ-тағы өмірі, туған жері мен отбасын сағынғанын айтады.

"Өзімді жақсы сезінемін. Америка ұнайды, өйткені мұнда менің екінші отбасым - бапкерім, менеджерім мен промоутерім бар. Мұнда тұрып жатқаныма бір жыл болды. Иә отанымды сағындым, бірақ, мақсатыңыз болса, қай жерде болмасын өмір сүре аласыз. Менің мақсатым - әлем чемпионы атану. Биыл немесе келесі жылы отбасымды осында алып келіп, бірге тұрамыз деген ойдамын. Отбасым неге мұнда екенімді түсінеді. Менің жұмысым бокс екенін біледі", - дейді ол. 

Әлімханұлы өнер көрсететін бокс кешінің басты жекпе-жегінде жеңіл салмақта WBA (Super) және WBO чемпионы украиналық Василий Ломаченко (12-1, 9 КО) британиялық Энтони Кролламен (34-6-3, 13 КО) жұдырықтасады.


  0