Головкин мен Джейкобстың бұрынғы қарсыластары Елеусіновпен бір бокс кешінде өзара жұдырықтаспақ

Шоу АҚШ-та өтеді.

Пуэрторикалық Габриэль Росадо (24-11, 14 КО) және польшалық Мацей Сулецки (27-1, 11 КО) 10 раундты жекпе-жек өткізеді, - деп хабарлайды Vesti.kz.

Бұл жекпе-жек 15 наурыз Филадельфиядағы Liacouras Center аренасында өтетін бокс кешінің андеркартында болмақ. Жекпе-жек туралы боксшылардың өздері және DAZN стримингтік қызметі хабарлады. Дәл осы кеште қазақстандық Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов (5-0, 3 КО) те жұдырықтасады.  

33 жастағы Росадо карьерасында чемпиондық белбеу үшін екі рет жұдырықтасқан. 2013 жылы IBO және WBA (Regular) белбеулерін қорғаған қазақстандық Геннадий Головкин (38-1-1, 34 КО) оны жетінші раундта нокаутқа түсірген. Ал тоғыз айдан кейін сол кездегі WBO чемпионы америкалық Питер Куиллиннен (34-1-1, 23 КО) тағы да нокаутпен жеңілді. 

29 жастағы Сулецки ешқашан титул үшін жұдырықтасқан емес, алайда, қатарынан 26 жеңісі бар. 2018 жылы сәуірде бір ғана рет жеңілген, ол америкалық Дэниэл Джейкобске (35-2, 29 КО) ұпай санымен есе жіберді. 




  0