Жеңілмеген қазақтың бұрынғы әлем чемпионымен жекпе-жегі Golden Boy мен DAZN өкілдерін қызықтыруда

Оның өткен жекпе-жегін де америкалық промоутерлер тамашалаған.

Бірінші жартылай орта салмақта өнер көрсететін Батыр Жүкембаевтың (16-0, 13 КО) мексикалық Мигель Васкеспен (41-8, 15 КО) жекпе-жегін Golden Boy Promotions компаниясы мен DAZN стриминг қызметінің өкілдері тамашалмақ. Бұл туралы Vesti.kz тілшісіне жағдайға жақын мәлімет көзі хабарлады. 

Жекпе-жек 26 қыркүйекте канаданың Монреаль қаласында өтеді. Қазір қазақстандық боксшы BoxRec рейтингінде 22-ші тұр.

Мұның алдында да Жүкембаевтың мексикалық Карлос Хименеспен (14-9-1, 8 КО) жекпе-жегіне амеркиалық промоутерлер қызғушылық танытқан еді, алайда, бұл кездесу өтпей қалды. Ал оның орнына жұдырықтасқан Хилберто Месса (10-7-1, 6 КО) Батырдан төрешілер шешімімен жеңілді. Осы жекпе-жектен кейін Жүкембаев Golden Boy Promotions компаниясымен келісімшарт жасасуға жақын екенін айтқан. Бұл компанияның басты жұлдызы орта салмақта WBC, WBA (Super) және IBF чемпионы мексикалық Сауль "Канело" Альварес (52-1-2, 35 КО) екенін айта кетейік.

26 қыркүйектегі бокс кешінде өзге қазақстандық Нұрзат Сабыров (10-0, 9 КО) та жекпе-жек өткізеді, оның қарсыласы мексикалық Бруно Сандовал (20-3-1, 16 КО).

Еске салайық, Жүкембаев кәсіпқой карьерасын 2015 жылдың қыркүйегінде бастады және барлық жекпе-жегін Канадада өткізген. Оның ісін Eye Of The Tiger Managment компаниясы жүргізеді.

"Карьерасында мұндай болған емес". АҚШ журналисті Жүкембаевтың бұрынғы әлем чемпионымен жекпе-жегі турасында


  0