"Күте алмаймыз". DAZN серіктесі Головкинге "Канело" орнына жұдырықтаса алатын чемпиондарды атады

Промоутер жақында қазақстандықпен жұмыс істей бастады.

Жақында ғана әлемнің бұрынғы чемпионы Геннадий Головкинмен келісімшартқа отырған промоутер Эдди Хирн қазақстандық боксшы жұдырықтасуы мүмкін бірнеше қарсыласты атады, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.

Хирннің сөзінше, Головкин WBC (Franchise) және WBA (Super) чемпионы Сауль Альвареспен трилогия өткізуді күтпейді.

"Өз қадамдарымызды жасауымыз керек, Головкинмен одағымыз осындай қадам басталды. "Канелоны" күтпейміз. Альварес өз шаруаларынан босамай жүр.

Бізде чемпион Деметриус Андраде бар - ол Головкинмен не "Канеломен" жұдырықтасқанын қалаймын. Екінші орта салмақта Билли Джо Сондерс бар, ол орта салмаққа ауысуы мүмкін. Дэнни Джейкобс та екінші орта салмақта жүр, бірақ ол да орта салмаққа орала алады. Ал екінші орта салмаққа ауысу туралы айтсақ, онда Каллум Смит бар. Маңыздысы - осы жекпе-жектің бәрін 2020 жылы ұйымдастыру", - деді Хирн.

Айта кетейік, Головкин 5 қазанда украиналық Сергей Деревянченкомен жұдырықтасып, орта салмақта IBF титулын сарапқа салады.


  0