"Үлкен сындарға дайын". Шетелдік журналист жеңілмеген қазақ боксшыға жоғары баға берді

Қазақстандықтың соңғы жеңісі сөз етілді.

Амеркиалық WorldBoxingNews сайтының редакторы Фил Джей Vesti.kz тілшісіне қазақстандық Мейірім Нұрсұлтановтың (12-0, 8 КО) мүмкіндіктері туралы ойын айтты.

Челябіде өткен он раундты кездесуде Нұрсұлтанов ресейлік Артур Осиповты (15-2, 10 КО) төрешілер шешімімен жеңді. Бұл кештің басты жекпе-жегінде жартылай ауыр салмақта WBO чемпионы ресейлік Сергей Ковалев (33-3-1, 28 КО) британиялық Энтони Ярдты (18-0, 17 КО) нокаутқа түсірді.

"Нұрсұлтанов өте жылдам және жетіліп келе жатқан боксшы. Соңғы жекпе-жегінде ол қарсыласынан бір саты жоғары болды, барлық раундта одан жылдам қозғалды, дәлірек ұрды әрі креативтілік танытты. Бұл Эгис климастың болашағы зор активі. Ол он раунд сенімді жұдырықтасты және үлкен сындарға дайын. Көп өтпей Нұрсұлтанов үлкен жекпе-жектер өткізеді деген сенімдемін", - деп атап өтті Джей. 

Айта кетейік, Нұрсұлтанов осымен 12 жекпе-жегінің барлығында жеңіске жетті. Бұл оның Ресейде алғаш рет жұдырықтасуы, оған дейін қазақстандық отанында бір рет, ал қалған жекпе-жектерінің барлығын АҚШ-та өткізген. 


  0