Алматыда Қазақстан мен Ресей құрамаларының боксшылары бірге жаттығуда

17-26 ақпан аралығында ұлттық құраманың 10 боксшысы Болгарияда өтетін "Странджа" халықаралық турниріне қатысады.

Алматы облысындағы AIBA академиясында Қазақстан мен Ресей құрамаларының боксшылары бірге оқу-жаттығу жиынын өткізуде.

14-16 ақпанда қос құраманың және Өзбекстан боксшыларының қатысуымен турнир өтеді. Бұл жайында ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов айта кеткен болатын.



- Біз қазір Ресей құрамасымен бірге оқу-жатығу жиындарын бастадық. Олар екі құрамын алып келді. 14 ақпан күні Өзбекстан құрамасы келеді. Олар да екі құрамын алып келеді. Өзара турнир өткізетін боламыз, - дейді Айтжанов.

- Ресей құрамасында Олимпиадаға қатысқан боксшылар бар ма?

- Ресей құрамасында қазір буын алмасу кезеңі болып жатыр. Құрама жас боксшылардан келген. Евгений Тищенко жоқ. Менің білуімше, ол ауыр салмаққа ауысуы мүмкін. Сонымен қатар Василий Егоров та жоқ. Көпшілігі тіпті құрамаға іліге алмай жүр екен. Танымал боксшылардан Белик Галанов бар. Ол әлем чемпионатының жүлдегері.

- Біздің құрамадан кімдер жұдырықтасады?

- Барлық боксшылар жұдырықтасады. Қамшыбек Қоңқабаев, Қайрат Ерәлиев, Василий Левит және Данияр Елеусінов те бар. Олардың барлығы да өнер көрсетеді. Өзбекстан құрамасын да көрдім. Олардың бірінші нөмірлі боксшылары WSB жобасында жүр. Бізге екінші және үшінші нөмірлі боксшылары келеді. Ештеме етпейді. Жаттығу үшін мұндай жекпе-жектер де пайдалы. 

- Турнир қандай жүйе бойынша өтеді?

- Үш ел екі құрамнан шығарады. Әр елдің құрамалары өзара кездеспейді. Үш елдің боксшылары бір-бірімен кездесетін болады, - деген болатын Айтжанов.

Айта кетейік, 17-26 ақпан аралығында ұлттық құраманың 10 боксшысы Болгарияда өтетін "Странджа" халықаралық турниріне қатысады.

















Фото: Сергей Штрак


  0